«Гендерлік теңдік». Тақырып жаһандық деңгейде көкейтесті. 18 мемлекеттің өкілдері өздерінің дәйекті деректері мен байыпты байламдарын ортаға салды. Әрқайсысы елдерінің ресми көзқарасын қорғап, оның маңыздылығын дәлелдеуге тырысып бақты. Кіл мықты саясаткерлердің кейіпіне студенттер енді. Олар БҰҰ органдарының жұмыс үлгісін паш етті. Дипломатиялық келіссөздерді жүргізудің ерекшеліктерін «Экспо-2017» еріктілері меңгерді. Тартысты пікірталас БҰҰ үлгісі бойынша ұйымдастырылды. Әрбір мемлекеттің ұстанымын 2 өкіл білдірді. Динара Есімоваға қазақстандық дипломаттардың рөлін ойнау бұйырды. Назарбаев университетінің студенті әуелі гендерлік саясатты түбегейлі зерделеген.

- Бүгінгі БҰҰ Бас ассамблеясы үлгісіндегі пікірталас өте тартысты өтті. 18 мемлекеттің өкілдері ұлттың тарихына, қазіргі дәуірдің талаптарына сәйкес ресми көзқарастарын қорғауға тырысты. Мен өз сөзімде Мәселен, біздің елімізде Ата Заң бойынша әйелдер мен ерлер арасында теңдік бар және нәзік жандар жеке кәсіппен айналысатынын түсіндірдім. Енді әйел адам үйде отырып, тек баланың тәрбиесімен айналысуы қажет деген қасаң қағидалардан арылу керектігін алға тарттым, - деп өзінің пікірімен «Назарбаев университетінің» 1-ші курс студенті Динара Есімова бөлісті.

Қазақстан, АҚШ, Ресей, Иран, Ауғанстан, Сауд Арбиясы, Филиппин, Йемен іспетті 18 мемлекеттің өкілдері гендерлік теңдік мәселесін қаузады. Олар әйелдердің құқығын қорғау, толыққанды білім алу мүмкіндіктерін арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша өздерінің ұсыныстарын алға тартты. Елжан Жарасов Иран Ислам Республикасы өкілінің рөлін мойнына алды.
- Біз демократияны мықтап ұстанған әлемде өмір сүреміз. Сондықтан Иранда діни қызығушылықтар басым түскенімен, ерлер мен әйелдердің құқықтары тең болуы тиіс екендігін жеткізуге тырыстым. Нәзік жандар өздерінің құқықтарын біліп, оларды қорғай білуі қажет. Пікірталас қызықты өтті. Қосымша сауалдарымызды жолдап, дипломаттардың жұмысы қаншалықты қиын екендігін сезіндік. БҰҰ үлгісіндегі отырыс арқасында ымыраға келудің маңыздылығын түйсіндім. Жаз айларында жер-жаһаннан Астанамызға ЭXPO көрмесіне ағылған меймандарды қарсы аламыз. Бұл ретте бүгін меңгерген дипломатиялық дағдылар кәдеге жарайды, - дейді «Назарбаев университетінің» студенті.

Жастар ЭКСПО-2017 еріктілері арасында БҰҰ үлгісіндегі пікірсайыс тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бірақ игі бастама жалғасын таппақ.
- ЭКСПО-2017 еріктілері жан-жақты. Олар әлеуметтік маңызды жобалармен қатар дипломатиялық дағдыларды меңгеруге кірісті. 60 жуық жас көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін, тапқырлығын паш етіп, ортақ мәмілеге келуді үйренді. Жастар БҰҰ үлгісі барысында оған мүше мемлекеттердің өкілдері рөлін ойнады. Ағылшын тілінде өткен конференция барысында студенттер дипломатиялық хаттаманы басшылыққа алып, оның сақталуын қатаң қадағалады. Отырыс соңында нақты ұсыныстар жолданды, - дейді ЭКСПО-2017 еріктілерінің жаттықтырушысы Людмила Бурлаченко.
Жауапкершілік жүгін сезінген студенттер жерге қаратпады. Олар пікірсайыс барысында өздерінің терең білімдерін, ағылшын тілінде пікірлерін еркін жеткізетінін ортаға салды.
