Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен Жастар жылына арналған жобалардың жұмысы жүйелі жүргізілуде. Дәстүрге айналған екі күндік оқу курсы да соның айғағы. «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингі бұл аптада Ақтөбе және Қызылорда облыстары оқушыларының басын қосты.
Биыл ақпан айында жаңартылған оқу бағдарламасы Тұңғыш Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына, «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабына негізделген.
Жас тыңдаушылар Елбасы кітапханасы ғылыми қызметкерлерінің дәрістерін тыңдап, білікті мамандардың тренингтеріне қатысты. Екі күндік іс-шараның аясында өзекті мәселелердің шешімін іздеп, әлеуметтік жобаларды дайындаған оқушылар «Alumni Nazarbayev Intellectual Schools» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Арман Балғатаймен де кездесті.
Бірлестіктің 25 жасар президенті Арман тыңдаушыларды ұйымның мақсатымен таныстырып, оларды дамуға деген құштарлығымен тәнті етті. – Alumni NIS дамуда жүйрік, парасаты мол, дені де, рухы да мықты мемлекет қоғамын қалыптастыруды көздейді. Бұл мақсат жастардың қолдауымен, атап айтқанда, НЗМ түлектерінің білімі мен тәжірибесімен жүзеге асырылады. Елбасының есімімен тығыз байланысқан мектеп кезінде тегін білім алуға мүмкіндік беріп, жан-жақты дамуымызға барлық жағдайды жасаған болатын. Сол кезеңде жиып-терген білімді, көпке қолжетімді бола бермейтін құнды ақпаратты ел жастарына таратып, олардың мүмкіндіктерін кеңейтеміз деп шештік. Бастапқыда ісімізді ауыл мектептерін аралаудан бастадық. Жастармен әңгімелесіп, тіл білудің, жан-жақты дамудың маңыздылығын түсіндіріп отырдық. Жергілікті оқушылардың арманы мен қызығушылықтарын ескеріп, оларға мамандық пен жоғарғы білім орнын таңдауға көмектестік. Оның негізінде қандай емтихандарға дайын болу керектігін, грант иеленудің қандай жолдары барын айтып отырдық. Балалардың әлеуметтік жағдайы, өмірлік көзқарастары әртүрлі бола беретіні рас. Бірақ олардың барлығы қолдауға бірдей зәру болады. Сол қолдауды өз қолымызға алу біз үшін өте маңызды болды, - деді ол.
Бүгінде Alumni NIS 20-дан астам жобаны («NISGuide», NIS-corner, NISoliey, қоршаған ортаны қорғау жобаларының байқауы, т.б.) жүзеге асырып, қайырымдылықпен айналысуды, әлеуметтік және экологиялық мәселелерге қатысты іс-шараларды ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Бірлестіктің жұмысына қызыққан жастар кездесу қонағына сауалдарын қойып, мүшелікке кіруге ниеттерін білдірді.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова оқу курсын тәмамдаған жастарды шын жүректен құттықтап, аға буынның кейінгі ұрпаққа артқан үміті мен сенімінің мол екенін еске салды. Жастарға елдің нағыз жанашыры мен бетке ұстар мақтанышы болуды тілеген ол тыңдаушыларды сертификаттармен марапаттады. Елбасы кітапханасынан естелік ретінде оларға Тұңғыш Президенттің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін кітаптар таратылды.
Іс-шараға көңілі толған жастар бірінен соң бірі ризашылығын білдіргісі келді. Олардың бірі, Ақтөбе облысының оқушысы Лэйла Хохлова былай деді:
– Екі-ақ күндік семинар-тренингтің соншалықты мазмұнды өтетінін біз мүлдем күтпеген едік. Алғашқыда іс-шарада біз түсінбейтін дүниелер ғана қозғалады деп қорықтық. Алайда жастардың тілін түсінетін, олармен байланыс орнатуда шебер дәріскерлерді алғаш көріп, іштей қуандық. Ұлтымыздың тарихын қонымды үлгіде қарастырып, оның маңыздылығын, бүгінгі күнмен тығыз байланысын ұғындық. Бұрын-соңды білмеген ғылыми, мәдени деректерді дәптерлерімізге түртіп қана қоймай біз бір-бірімізге сұрақ қойып, бір-бірімізбен ақпарат бөлісіп отырдық. Ал тренинг бөлімінде біз білікті мамандардың нұсқауымен тұлға ретінде дамуға кедергі келтіретін теріс қылықтарды анықтап, көшбасшылық қасиеттерді күшейтудің қыр-сырын білдік. Біз алған білімнің бәрі мектеп жасындағы балаларға өте керек. Ондай ақпаратты әр жерден ала бермейтіндіктен, біз мұндай семинар-тренингтердің барын құрдастарымыздың құлағына жеткізуді көздеп отырмыз. Қарап отырсам, іс-шарадан алған керемет әсермен жалғыз өзім емес, жерлестерім де, бізбен бірге келген Қызылорданың жастары да әлеуметтік желіде бөліскен екен. Елбасы кітапханасының басшылығына, оның жобасына ат салысқан қызметкерлеріне басымды иемін! Сіздердің арқаларыңызда біз өзімізді жаңа қырдан ашып, қатарымызды жаңа достармен толықтырдық! Еңбектеріңізге жеміс, қадамдарыңызға сәттілік тілеймін, - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Елбасы кітапханасының 2015 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан семинарларына Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдері мен жоғарғы сынып оқушылары, студенттер, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары, БАҚ және жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер қатысады.






