Бүгін Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің мамандары «Астана» халықаралық университеті педагогикалық колледжінің студенттеріне ашық есік күнін өткізді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларды іс-шараның бағдарламасымен таныстырды.

Кітапхана музейінде болашақ ұстаздарға «Батырлар институты: салт-дәстүр, абырой және қару-жарақ», «Қазақстанның Олимпиада чемпиондары» экскурсия сабақтары мен «Елорда – бейбітшілік қаласы» шеберлік сыныбы, «Менің музейімдегі сабағым» әдістемелік семинары жүргізілді.
Студенттер Қазақстанның тәуелсіздік тарихына негізделген квестке қатысты. Олар бірегей жәдігерлер топтамалары мен архив құжаттары ұсынылған Елбасы кітапханасының экспозицияларымен танысып, мектеп кеңістігінде музей педагогикасының құралдарын қолдануды және Қазақстан тарихынан оқытуда Елбасы кітапханасының кеңістігін пайдалануды үйренді. Ғылыми қызметкерлер мазмұнды әдістемелермен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

– Музейдеші ашық есік күні тамаша өтті. Музей заманауи технологиялармен жақсы жабдықталған. Қолға жетімді, миға қонымды көптеген пайдалы ақпарат алдық. Тарихымызды кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтықты қалыптастыруда музей тарапынан бір қатар жұмыс атқарылып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Танымдық іс-шара өткізген Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беріп, кеңестер мен ұсыныстармен бөліскені үшін зор алғысымызды білдіреміз. Болашақта музей кеңістігін пайдаланып өзіміз де студенттерге сабақ жүргізе аламыз деп ойлаймын, - деп бөлісті Елжан Кенжебек.
Барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды.
