ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ КІТАПТАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ. ЕЛОРДАНЫҢ АУЫСУЫНА 20 ЖЫЛ ТОЛУЫНА АРНАЛАДЫ

«Елбасы кітапханасының кітаптар коллекциясы» жобасы оқырмандарды кітаптар қорымен және жаңа түсімдермен таныстыруды жалғастырады.

Таяуда түскен жаңа кітаптар қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағат қорының құжаттары мен материалдарынан Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметі дайындаған «Астана – тәуелсіз Қазақстанның нышаны» жинағы бар. Жинақ Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Еран Мағұзұмовтың жалпы редакциясымен әзірленген. Құрастырушылар – мұрағат жұмысы секторының қызметкерлері.

Аталған жинақ құжаттар мен материалдардан дайындалып, елорданы (басқа жерге орналастыру) ауыстырудың 20 жылдығына арнап шығарылды.

Жинақтың мақсаты– Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамалары аясында тәуелсіз Қазақстан елордасының қалыптасуы және дамуы тарихы, Мемлекет басшысының жеке мұрағат қорының құжаттары арқылы Астананың қалыптасуы мен дамуы үдерісіндегі Елбасының рөлін көрсету.

Жинақ тақырып бойынша жүйеленген және хронологиялық тәртіппен орналасқан құжаттар мен фотоматериалдардың электрондық үлгідегі төрт тарауынан тұрады. Жинаққа енгізілген құжаттар саны – 286, фотоқұжаттар – 126.

Жинақтың бірінші тарауына елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірудің қажеттігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамаларын көрсететін мұрағаттық құжаттар мен материалдар енгізілген.

Екінші тарауда 1998 жылдың 10 маусымындағы Астананың тұсаукесер ресми рәсімі және оған дайындық шаралары, сонымен қатар әлемдік қауымдастықтардың Қазақстан елордасын мойындауын көрсететін материалдар, жыл сайынғы Астана күнін мерекелеу туралы құжаттар берілген.

Үшінші тарауда жаңа Астана құрылысының кезеңдері, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы және т.б. мұрағат материалдары жарық көрген.

Төртінші тарау Астанада өткен Мемлекет басшысының жоғары деңгейдегі кездесулері, әртүрлі халықаралық форумдар, мысалы, Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті сынды кең көлемдегі шараларды ұйымдастыру жұмыстары, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындалу және өткізу, Сирия мәселелерін реттеу және өзге де құжаттардан тұрады.

Мұрағат құжаттары мен материалдарының кейбірі ғылыми айналымға алғаш рет еніп отыр. Мемлекет басшысының қолжазбасы (жұмыс жазбалары, қосымшалары, құжаттардағы белгілер) қызығушылық тудырады. Мазмұны жағынан көлемді құжаттар (мысалы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі отырысының стенограммалары, Мемлекет басшысының әртүрлі форумдардағы баяндамалары, Астананы дамыту бағдарламалары және басқалар) ұсынылған.

Жинақтың құрастырушылары тәуелсіз Қазақстанның нышаны – Астананың келесі мерейтойлық күніне арналған оқиғалар мен фактілердің, құжаттардың белгілі көлемінің жиналу мерзімі бойынша кезеңдік басылым болады деп үміттенеді.