ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА – МЕТАЛЛУРГТЕР

Бүгін Елбасы кітапханасына бір топ ардагер-металлургтер келді. Металлург күні қарсаңында Тұңғыш Президент музейіне атбасын бұрған осы саланың майталмандарына экскурсия жүргізілді.

 

Қонақтарға «Тұлғаның қалыптасуы» залы ерекше әсер етті. Олар мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, оқушы кезі туралы мол ақпарат алды. Әсіресе, Елбасының сол уақытта Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға қатысқан жас металлург шағынан сыр шертетін деректерге қызыға қарады.

 

 «Металлургия саласында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Қызмет барысы бойынша Елбасымен үш мәрте кездестім. «Бәріміз жұмыла жұмыс істесек, еліміз өркендейді» деген сөзі әлі күнге есімде. Бүгін музейге келіп Нұрсұлтан Әбішұлының сонау Теміртаудан басталған еңбек жолына қарап, халықтың арасынан осындай ел басқаратын азаматтың шыққанына риза болдым. Ол кісінің егеменді мемлекетіміз үшін сіңірген еңбегі ерен. Тұңғыш Президентіміздің шетелдік басшылармен жүздескен суреттерін көріп, кеудемді қуаныш сезімі биледі, – деп ой бөлісті металлургия саласының ардагері Әбдірашид Омар.

Елбасы кітапханасының музейін аралаған ардагер-металлургтер Тәуелсіздіктің ордалы отыз жылында өркендеп-көркейген еліміздің қалыптасу тарихына бойлап, шат-шадымен күйде тарқасты.