Елбасы кітапханасының музейінде «Елбасы даналығы» кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың маңызды еңбектерімен қатар, Қазақстанның, ТМД елдерінің және шетелдің көрнекті қоғам, саяси қайраткерлерінің, ғалымдарының, публицистерінің кітаптары мен еңбектері ілінді. Көрмеге қойылған еңбектер арқылы мемлекеттік құрылыстың теоретигі мен практигі, жаһандық ауқымдағы саясаткер, ұлтаралық және конфессияаралық келісім идеяларының жеткізушісіне айналған Елбасы даналығымен кеңінен танысуға болады.
Аталмыш экспозицияға мемлекеттік, орыс және шет тілдерінде барлығы 150-ден астам кітап қойылды.
Көрме сөресінен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Он делает историю» атты саяси очеркі де орын алды. Президент өз еңбегінде Елбасының жас мемлекет құрудағы рөлі мен көпвекторлы саясат орнатудағы шеберлігін ерекше атап өтті.
«Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекет құрудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты», - дейді мемлекет басшысы.
1985 жылдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 54 кітабы жарық көрді. Елбасы еңбектері әлемнің 41 тіліне аударылды.
«Қазақстанның даму жолы туралы айтатын болсақ, тек экономика тұрақтылығын ғана қарастыруға болмайды. Қазақ топырағындағы жасампаздық құбылыстар, ұлтаралық татулық идеясы, ғаламдық деңгейдегі реформалар мен саяси инфрақұрылымдар еліміздің дамуына жол ашты. Осы құбылыстарды игере отырып, Қазақстан халықаралық қатынасқа түсті. Бүгінде Қазақ елінің жетістіктерін әлемнің озық елдері жоғары бағалады», - деп атап өтті Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде.
Айта кетейік, «Елбасы даналығы» кітап көрмесі тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
«Елбасы даналығы» тек кітап көрмесі емес, мемлекет қалыптасуының тарихи айнасы. Көрмеде Н.Ә.Назарбаев жазған барлық еңбегі орналастырылды. Дәл осындай көрмелерді ұйымдастыру арқылы біз ұлт тәрбиесіне араласа аламыз. Әр адам Елбасының жазбаларымен танысып шығуы тиіс деп ойлаймын», - деп сөзін аяқтады Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева.
Сөз соңында Күлайша Ақтаева «Елбасы даналығы» көрмесіне келіп, Тәуелсіз Қазақстанды аяққа тұрғызған Елбасының шығармашылығымен жақын танысуға шақырды.

