«ЕЛ ТАРИХЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ МЕН МҰРАҒАТ ҚҰЖАТТАРЫНДА»: ЭКСПО-2017 ЕСТЕЛІКТЕРІ

«Ел тарихы Елбасы кітапханасының жәдігерлері мен мұрағат құжаттарында» жобасының кезекті шығарылымы осы жылғы Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінің елеулі оқиғаларына, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған.

Халықаралық көрме бюросы (Bureau International des Expositions, BIE) – халықаралық көрмелер туралы Конвенцияның юрисдикциясына жататын халықаралық көрмелердi дайындау және өткізу бойынша жұмыстарды басқару үшiн жасалған үкіметаралық ұйым болып табылады. Ұйым 1928 жылы 22 қарашада Париж қаласында өз жұмысын бастаған. Бюро 2016 жылдың 4 ақпанында Конвенцияға қол қойған 169 қатысушы елдерді анықтады. Халықаралық көрмелер бюросы көрменің екі түрін реттейді: Тіркелген көрмелер (Әмбебап) және Танылған көрмелер (халықаралық немесе мамандандырылған).

2012 жылдың қарашасында Парижде 100-ден аса мемлекет – ХКБ мүшелері Қазақстанның елордасы Астанада аталмыш көрмені өткізуге сенім білдіріп, елімізге зор құрмет көрсетті.

Елбасы кітапханасының музей жинақтары Астанада ЭКСПО-2017 өтуіне байланысты ғана емес, Халықаралық көрмелер тарихына қатысты да бірегей жәдігерлермен толықтырылды.

Үстіміздегі жылдың маусымында «Ваньбо» и «Чжаньдао вэньхуа» қытай компаниялары «Астана ЭКСПО-2017» ҰК рұқсатымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмеге және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуына арналған ескерткіш банкноттарды тапсырды.

Банкноттың тұсаукесері Шанхай қаласындағы Пудун ауданында арнайы баспасөз конференциясында өтті. Оған Шанхай қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулдығы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК ілгерілету және туризм департаменті, Қытайдағы халықаралық сауда-саттықты қолдау комитеті, Шанхайдың сыртқы істер басқармасы және сауда-өнеркәсіп палаталары, Шанхай аймағындағы еркін сауда көрмелік алаңының партиялық басшылары, 50-ге жуық ірі қытайлық кәсіпорындар, сонымен қатар бонист-коллекционерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Бастауын 1851 жылдан алатын халықаралық көрмелер тарихында ЭКСПО-2017 алғаш рет ескерткіш ақша жарыққа шықты. Банкноттар (номиналсыз) саны 5 мың жиынтық, әрқайсысында екі банкнот бар, онда Қазақстан (көк түстің аясында Бәйтерек және ЭКСПО-2017 Қазақстанның ұлттық павильоны бейнеленген) мен Қытай (сары түстің аясында Ұлы Қытай қорғаны мен Аспан ғибадатханасының бейнесі берілген) көрсетілген.

Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен кездесті. Мемлекет басшысы Анджей Дуданы жылы қабылдап, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Польшаның Ұлттық күндерін өткізуге қатысқаны үшін алғысын білдірді.

– Біз бүгін Қазақстан-Польша бизнес-форумына қатысамыз. Былтырғы тамызда Польшаға жасаған сапарымнан жақсы естеліктер қалды. Мұндай байланыстар екі елдің ынтымақтасуға деген ниетінің зор екенін білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін ешқандай кедергі жоқ екенін атап өтті.

– Мен біздің кездесулеріміздің бәрін зор қуанышпен еске аламын. Сіздің Польшаға былтырғы сапарыңыз елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосты. Сіздің сапарыңыз осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға тың серпін бергенін ерекше атап өткім келеді, – деді Анджей Дуда. Осы кездесуден естелік ретінде Елбасы кітапханасының қорында Польша Республикасының Президентінен хрусталь бокалдарының жиынтығы сақтаулы.

Таяу уақытта жаңа түсім Елбасы кітапханасының экспозициясында көрсетілетін болады.