«ЕЛ ТАРИХЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ МЕН АРХИВТІК ҚҰЖАТТАРЫНДА»: ҒАЖАЙЫП ШАРМАНКА

«Ел тарихы Елбасы кітапханасының жәдігерлері мен архивтік құжаттарында» ақпараттық жобасы қалың жұртшылықты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шетелдік мемлекет басшылары, делегациялар, халықаралық орталық пен компания басшыларының зор ризашылығы мен құрметінің белгісі ретінде тарту етілген қызықты әрі ерекше жәдігерлермен таныстыруын жалғастырады. Бұл сыйлықтар Елбасы кітапханасы Музейінің қорында, экспозицияларында сақтаулы және олардың тарихи, көркем немесе мемориалдық құндылықтары өте жоғары.

Осындай жәдігерлердің бірі – материалдық мәдениет заттары коллекциясына жататын механикалық тасымалданатын аспап – шарманка. Аспап ХХ ғасырдың басында Одессадағы Иоганн Нечаданың аспаптар мен құралдар фабрикасында жасалынған. Аспапты ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевқа Грузия Президенті М. Саакашвили тарту еткен.

Жәдігер пернесіз шағын ғана жәшік түрінде, ішінде әуенді түтікшелер қатары, үлбір мен тиек-ұрғышы бар ағаш валик орналасқан.

«Шарманка» атауы «Прелестная Катрина» (француз тілінде «Шарман Катрин») атты француз әнінен шыққан. Дәл осы әннің әуені алғаш рет шарманкада орындалған.

Аспап XVII ғасырдың соңында Батыс Еуропада пайда болған. Алғашында аспап әндеткіш құстарды үйретуге арналып, «сары шымшық» немесе «сайрауық» деп аталған. Бүгінгі күнге дейін шарманканың алғашқы жасаушысы туралы сөздер толастаған жоқ. Біреулері шарманка Италияда жасалған десе, екіншілері аспаптың сызбаларын 500 жыл бұрын голланд өнертапқышы ойлап тапқан деп дәлелдейді. Шарманканың бүгінгі күнге дейін жеткен ежелгі сызбасы XVII ғасырдың соңында Францияда жасалған. Бұл механизмді кім ойлап тапса да, мұндай музыкалық жаңалық XVIII ғасырда бүкіл Еуропаға кеңінен таралды. Әсіресе, көше музыканттарының жабдығына айналды. XX ғасырдың басында шарманка қолданыстан шығып, оның орнын патефон басты, ал кейінірек өзге де механикалық және электрондық ойнатқыш құрылғылар пайда болды.

Ресейде жалғыз ғана шарманка өндірісін Одессада неміс ұлтынан шыққан кәсіпкер Иоганн Нечада сақтап қалған. XX ғасырдың басында Одессада үлкен сұранысқа ие шарманкалар жасайтын «Нечада» фабрикасы болды. Алайда шарманканы одессалық фабриканың иесі Балковскойдан сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтермейтін, себебі аспап тоғыз жүз алтын сомға бағаланды. Сол заманда «машиналар» деп аталған өзі ойналатын механикалық музыкалық аспаптар Одесса мен бүкіл Ресейдің трактирлері мен мейрамханаларына келген меймандардың көңілін көтеру үшін пайдаланылды. Әуезді шарманшылар аула, алаң, көшелерді аралап, қарапайым мұңды әуендерді орындайтын болған.