Бүгін Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру бағдарламасы және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейінің залдары бойынша жолсілтеуші әліппе» жобасын іске асыру мақсатында музей сабағы өткізілді.
Нұр-Сұлтан қаласы №7 «Аққу» балабақшасының тәрбиеленушілеріне «Менің шежірем – ел шежіресінің бөлігі» онлайн сабағын Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Қаламқас Өзенбаева жүргізді.
Сабақ барысында ол балалардың назарына қазақтың дәстүрлі қару түрі – бес қаруды ұсынды. Ойын тапсырмалары, топтық жұмыстар арқылы балалар «Б» әрпімен таныстығын бекітіп, батырлар мен олардың қаруы туралы көптеген қызықты мәліметтер алды.
Балалар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан қарулы күштерінің құрылу тарихын зейін қойып тыңдап, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, оның шежіресі мен Қарасай батырдың әскери ерліктері туралы білді. Топтық жұмыс барысында елдің әскери тарихына, балалар қару-жараққа деген көзқарастарын білдіріп, қызықты диалогқа белсенді қатысып отырды.
Ойын барысында бүлдіршіндер батырлар институты мен «шежіре» ұғымымен танысты. Олар пазл жинау мен сурет талдауды үйреніп, зейін мен логиканы, саусақтардың ұсақ моторикасын дамыта түсті. Патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сезімін талқылау да балаларға қызықты әрі танымды болды.
– Сабақ барысында батырлар мен жеті атаға тоқтаған балаларға сабақ әсерлі өтті. Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруда дәріскер Қазақстанның тарихына тоқталып, көптеген ақпарат беріп балаларды қызықтырды. Сабақ соңында ол қару-жарақты құрастырып, бүлдіршіндердің білімін деректермен толықтырды. Тағылымды шараны ұйымдастырған Елбасы кітапханасының ұжымына алғысымызды білдіргіміз келеді. Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз! Өскелең ұрпақтың дүниетанымына оң септігі тигізер жобаларыңыз көбейе берсін, деді балабақша тәрбиешісі Жанар Мәжітова.


