ЭКСПО-2017 ЕРІКТІЛЕРІ: «ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫС БАҒА ЖЕТПЕС ТӘЖІРИБЕ»

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Болашақ энергиясы – Елбасы еріктілері» атты еріктілер қызметінің қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара кештің негізгі қатысушылары, еріктілер дайындаған «Бабалар өсиеті» театр қойылымынан бастау алды. 

– Үш айдың көлемінде елорданың 12 оқу орнынан келген 77 ерікті бізбен бірге қызмет етті. Олар Елбасы кітапханасы экспозицияларын көрсету мен таныстыру арқылы мемлекеттің оңды имиджін дамытуды көздейтін жастар қоғамдастығын құрды. Олар нағыз отансүйгіш азаматтар. Бүгінде сол еріктілерге белсенді жұмыстары үшін Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымының атынан шексіз алғыс айтамыз. Бұл тәжірибенің келешек жетістіктердің негізі болатынына сенімдімін, - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.

Кітапхана еріктілер корпусының белсенділері өздерін «Елбасы еріктілері» деп атайды. Бұл күні жас еріктілердің қызметі қорытындыланды. Елбасы кітапханасы еріктілері ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында елімізді қолдау ісіне қосқан үлестерімен бөлісіп, видео арқылы еріктілік қозғалысынан алған тәжірибелерін баяндады. 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 3 курс студенті Нұрсила Жұрманова ерікті қызметіндегі өз әсерімен бөлісті:

– Мен осындай тарихи оқиғаның куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Біз үшін Елбасы Кітапханасында жұмыс атқару үлкен абырой деп есептеймін. Біз Назарбаев орталығының қонақтарына экскурсиялар жүргізе отырып, еліміздің тарихы мен қол жеткізген жетістіктері жайлы зор мақтанышпен баяндадық. Үш ай ішінде Елбасы Кітапханасына 70 мыңға жуық қонақтар келді. Олардың қатырында Германия, Швеция, Украина, Белоруссия, Ресей, Қытай және басқа елдерден келген шетелдік туристер болды. Экскурсиялар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде жүргізілді. Мен Елбасы Кітапханасының және штабымыздың басшылығына бізге сенім артқаны үшін, осы үш айдың ішінде ерікті қызметімнен көп тәжірибе жинағаным үшін зор алғысымды білдіремін.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Анель Мұстафина үшін ерікті қызметі қоғамдық жұмысқа аттаған алғашқы қадам болып отыр.

– Мен үшін Назарбаев орталығындағы ерікті қызметі ұмытылмас тәжірибе болып қала бермек. Ең маңызды сәттердің қатарына Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарды қарсы алуды жатқызар едім. Еріктілер бағдарламасының қызықты болғаны соншалық, Назарбаев орталығында уақыттың қалай өткенін аңғармай да қалдық. Мен қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтарға таңғажайып еліміз туралы көптеген мәліметтерді жеткізе білгеніме өзімді өте бақытты санаймын.

Жас көшбасшылар қазақ халқының күйлерінен попурри, «Болашақ энергиясы – Елбасы еріктілері» флешмобын орындап, өздерінің дарындылықтарын тағы да бір дәлелдеді. Іс-шараның соңында жас белсенділер Елбасы еріктілерінің әнұранын орындады.