Қостанай және Ақтау қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің 26 оқушысы - «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясының қатысушылары. Зерттеуге ден қойған жасөспірімдер бүгін Елбасы кітапханасын аралады. 13 жастағы Арайлым Насуха Каспий жағасынан ат терлеткен. Оның елорда төріне екінші рет жолы түсті. Кітапқа жаны құмар оқушы үшін суреттегі кереметті көру мүмкіндігі ашылды.
– Нұрсұлтан Назарбаев өмірі мен қызметін туған жерінің гүлденуіне арнады. Бүгінде Қазақстан жер-жаһанға танымал. Бұл - Елбасымыздың және халқымыздың ерен жеңісі. Біздің білім алуымызға қажетті жағдай жасалғанына алғысым шексіз. Отбасында бес баламыз. Әкем мұнай саласында еңбек етсе, анам бізге бас-көз болады. Оларды қатты жақсы көремін. Келешекте отбасыма қолдау көрсетіп, қоғамға пайдамды тигізуді армандаймын. Бәлкім болашағымды дәрігерлікпен сабақтастырамын, әзірге нақты шешімге келген жоқпын. Бірақ кез келген адамның жетістігі тікелей денсаулыққа байланысты екендігіне сенімдімін, – дейді 8 сыныптың оқушысы.
– Мені Елбасы кітапханасының жабдықталуы, Президентіміздің электрондық кітаптары тамсандырды. Мемлекет басшысы қолданған заттар, балалық шағынан сыр шертетін суреттер бей-жай қалдырмайды. Оның арқасында Президентімізді жан-жақты тануға болады. Тарихи жәдігерлер балалармен қатар ересектердің де қызығушылығын оятады, – дейді Ақтау қаласындағы НЗМ ұстазы, кураторы, ұйымдастырушысы Бибігүл Арыстанова.
Қостанайлық Санжар Есенамановтың да алған әсері мол. Жасөспірім білім көкжиегін кеңейтіп, бой түзейтін спортшылардың Елбасына арнаған сыйлықтарын тамашалады. Зерек оқушы қолы қалт еткенде спорт алаңына жол салып, футболмен шұғылданады.
– Балалармен бірге Елбасының қолсағаттарын, киген киімдерін, мемлекеттік марапаттарын көрдік. Мұндай табысқа жетіп, құрметке бөлену үшін абыройлы қызмет ету керек. Бас қаламыздың Астанаға ауыстырылуы басты жетістік деп санаймын. Оның оңайға соқпағаны белгілі. Бірақ шешімнің қисындылығын уақыттың өзі дәлелдеді. Бүгінгі Астана – еліміздің мақтанышы, – дейді 9 сынып оқушысы.
– Балалар «Туған елге тағзым» жобасы аясында Астананы аралады. Оқушылар тағылымды саяхат арқылы атамекендері туралы жан-жақты ақпаратқа қанығады. Сонымен бірге шәкірттеріміз еліміздің басқа өңірлерінен келген қатарластарымен танысып, пікір алмасады. Бұл жаңа зерттеу жұмыстары септігін тигізеді, – деп атап өтті Қостанай қаласындағы НЗМ ұстазы, кураторы, ұйымдастырушысы Раушан Молдабекова.
«Туған елге тағзым» зерттеу экспедицияларының жас зерттеушілері Қорғалжын және Бурабай қорықтарымен, АЛЖИР мемориалдық кешенімен, Ерейментау тарихи-өлкетану мұражайымен және Астананың бірқатар өнеркәсіптік нысандарымен танысады.
2012 жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» зерттеу бағытындағы өлкетанулық экспедиция құрылды. Патриоттық жоба арқасында оқушылардың бойына отансүйгіштікті ұялатып, туған жердің тарихына деген қызығушылықты ояту діттелген. Оның аясында мектептің үздік оқушылары еліміздің әр түрлі өңірлерін аралап, мәдени, инновациялық нысандардың жұмысына куә болады.
Экспедиция қорытындысы бойынша жиналған материалдар мектеп кітапханасы жолданады.




