2018 жылдың 23 ақпанында Екібастұз қаласындағы мамандандырылған «Зерде» дарынды балалар мектебінде «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингі өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырды.

Оқушылар Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшылары Күнсұлу Исинова мен Ақбота Хамитованың дәрістерін тыңдады. Олардың айтуынша, семинар кезінде жастар оңды сұрақ қойып, пікірлерімен бөлісу арқылы білімдерін көрсете білді. Осы орайда олардың мемлекет саясатына деген қызығушылығы мен елжандылығы білініп, жаңа білім алу мен өз ісінің маманы болуға құштарлығы да байқалған екен.
Естеріңізге салсақ, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жаһандық бастамалары мен тұжырымдамалық идеяларын зерттеуге бағытталған семинар-тренингтер Елбасы кітапханасында 2015 жылдың қазанынан бері өткізіліп келеді. Солардың біріне қатысып үлгерген Әнуар бізден қуанышын жасырмады:

– Елбасы кітапханасы іс-шараларының мазмұны мен маңыздылығын терең деп атасам, еш қателеспейтініме сенімдімін. Себебі, екі жыл бұрын елордамызда өткен Елбасы кітапханасының семинар-тренингінен Екібастұзға жаңа идеялармен оралған едім. Қанаттанған қатысушылар ретінде, семинар-тренинг барысында жиып-терген білімімізбен мектеп оқушыларымен облыс көлемінде бөлісіп, аталмыш үлгіде іс-шара өткіздік. Уақыт өте келе, Елбасы кітапханасымен байланысқа қайта шығып, семинар-тренингті мектебімізде өткізуін хат жүзінде сұрадық. Нәтижесінде өтінішіміз ескеріліп, қалауымыз орындалып отыр. Біз бұған шексіз ризамыз. Дәріскерлер бізді «Мәңгілік Ел» құндылықтарына ұйытып, жоспарды жемісті жобаға айналдырудың жолын сілтеді. Осы орайда Елбасы кітапханасына алғысымызды білдірсек дейміз. Тың ақпаратты енді құрдастарымыз бен отандастарымызға таратуға асықпыз, - деді Дарынды балаларға арналған «Зерде» мамандандырылған мектебінің 11 сынып оқушысы Әнуар Жұмабек.
Қызығы, семинар Елбасытану пәні өтетін Тұңғыш Президент кабинетінде жүргізілді. Мұнда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері мен түрлі жылдардағы суреттері сақтаулы.

– Мен Елбасы кітапханасымен алғаш рет былтыр, қазан айында танысқан болатынмын. Ол кезде аяқ асты сәті түсіп, Кітапхана экскурсияларына қатысу мүмкіндігін алған едім. Ғимараттың табалдырығын аттамастан бұрын оның қайталанбас сәулетіне қызығып, сол зәулім сарайдың ішінде сақтаулы тұрған жәдігерлерге тәнті болғаным есімде. Кітапханада шыны керек, қызық көп екен. Оң әсеріммен достарыммен бөлісіп жатсам, Әнуар да Елбасы кітапханасында болған адамдардың бірі екен. Ол қатысқан іс-шара жөнінде әңгімені тыңдап, мекеме ұйымдастыратын семинар-тренингтерге өзімнің де қатысқым келді. Бүгін міне, семинар қатысушысы атанып отырмын. Соның арқасында бойымызда елдікті, рухани байлықты сақтап қалуға қажетті қасиеттерді одан әрі дамытып, жарқын болашаққа бастайтын түзу бағдар алдық. Елімізде, әсіресе мектеп жасындағы жастар арасында осындай шаралар көп ұйымдастырылса екен, - деп пікірімен 10 сынып оқушысы Даниял Амангелді бөлісті.
Оқушыларға «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингін аяқтағандары жөнінде сертификаттар мен естелік сыйлықтар таратылды
