ЕКІ КҮНДІК ВЕБИНАРҒА ЕЛ ЖАСТАРЫ ҚАТЫСТЫ

Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» вебинарына Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері және Атырау мен Жамбыл облысының мектеп оқушылары қатысты. 
 
 
Екі күндік вебинардың теориялық бөлігінде Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы  Қ.К. Тоқаевтың бағдарламалық мақалары мен Жолдауларын тереңірек түсіндіріп, «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыптарын дәріс түрінде тарқатты. Ал тәжірибелік сабақтарда дәріскерлер білім алушы жастардың өз жобаларын  жасауға мүмкіндік тудырды. 
 
 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Ақерке Сәрсенбек креативке толы вебинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ал, ақтөбелік білімгер топтық жұмыста топ жаратын озық ойлы қатарластарын тілге тиек етті. 
 

«Елбасы кітапханасының вебинарынан өмір жолымда қолданатын жаңа білім алдым. Оқу бағдарламасын білікті мамандардың түсінікті әрі қызықты  жеткізгені ұнады. Әсіресе, тәжірибелік сабақтарда құрдастарымның ой-өрістеріне тәнті болдым. Олар өз жобаларын жасаған кезде көздері жанып, қанаттанып кетті», – деп ой бөлісті Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экономика және құқық факультетінің 2-курс студенті Айгерім Сафиева:
 
Еліміздің әр өңірінен білім нәрімен сусындауға асыққан жүзден аса тыңдаушы вебинар барысында  білім көкжиектерін кеңейтті. 
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Б.Бегалиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Айару Жұмабекова: 
– Елбасы кітапханасының қызметкерлері өткізген вебинардан Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туралы тереңірек білдім. Өте қызықты және пайдалы болды. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. 
«Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп сенім артқан жастардың бір буыны ретінде «Болашаққа жол өзіңнен басталады» вебинарына қатысып, ерекше әсер алдым. Оқу курсы арқылы ертеңгі еліне бас болатын әрбір оқушы өзіне көптеген мәліметтер алды деген ойдамын. Сондай-ақ бұл вебинардан оқушылар ел Тәуелсіздігін алған кезден басталатын тарихи оқиғалар туралы мол ақпарат ала білді, – дейді Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Абай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жұмабек Әліби.