ЕКІ КҮН ҮШІН АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ!

 

Бүгін, 26 қазанда «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша елордамыздың Еуразия гуманитарлық институтының колледжі мен Менеджмент және бизнес колледжінің студенттері оқуды тәмамдады.

Сертификаттар тапсырар алдында студенттерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек Сарабековпен кездесу ұйымдастырылды.

Сарапшы «Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясы: жеңістері мен жетістіктері» тақырыбындағы Орта Азия және Оңтүстік Кавказдағы саяси және геоэкономикалық үдерістерінің зерттеулері бойынша баяндады. Спикер баяндамасындағы кейбір мәліметтер:

– Қазақстан бүгінгі күні әлемнің 180 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан;

– тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасы 20 есеге артса, ел инвестициясы 265 миллиард долларға жеткен;

– Қазақстан жаһандық және өңірлік шешім қабылдауда тең дәрежеде қатысып, өзіндік үлес қоса алады;

– Қазақстан 25 жылда ЕҚЫҰ, ИЫҰ, БҰҰ, ЕАЭК, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесіне төрағалық етті;

– Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды;

– 2017–2018 жылдары БҰҰ ҚК уақытша мүшесі болды.

Спикер Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі өзекті мәселелерге тоқталды. Қытай мен Ресей секілді алпауыт көршілермен қарым-қатынасымызды жеке тақырып ретінде қарастырды.

– Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда өз өңірінде экономика, әскери және транзиттік әлеует пен сыртқы саясатта алдыңғы қатарды ұстанады. Еліміздің сыртқы саясатын айқындап берген Елбасымызға және елімізге көп қызмет етіп отырған дипломаттарымызға алғысымыз шексіз. Парасатты да сындарлы саясаттың арқасында елімізге қолайлы сыртқы жағдай орнап, Қазақстан экономикасы дамыды, халықтың жақсы өмір сүруі қамтамасыз етілді, – деп сөзін қорытындылады спикер.

Семинар-тренингтің қатысушыларына сертификаттар тапсыру рәсімін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өткізді.

– Сіздерге Елбасының ел болашағы – жастар деген сөзін біздер, ұстаздар жай қайталай бермейміз. Біздің міндетіміз – сіздерді жауапкершілікке үйрету. Біздің әрқайсысымыз өзіміз бен туғандарымыздың өмірі үшін жауапты болсақ, одан әрі еліміз, халқымыз үшін дами түссек, сонда ғана бәсекеге қабілетті елге айналамыз. Егер біз осының бәрін қазіргі жастардың бойына сіңіре білсек, қазіргі таңдағы өзекті мәселелер – сыбайлас жемқорлық, тәртіп пен заң бұзушылықтың алдын алар едік. Әрине, бұл үдерістің негізгі факторы рухани жаңғыру болмақ. Елдің қуаты мен күшін сақтап, еселендіретін, көздеген мақсатқа жетіп, әлемді тануға құштар, сол әлемге өздеріңді көрсететін, сіздерсіздер, жастар, – деп Ботагөз Мұттахиденқызы жастарға ақ жол тіледі.

Студенттер өз әсерлерімен бөлісіп, оқуды ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

– Елбасы кітапханасының ұжымына осындай «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренинг ұйымдастырғандарына, дәріскер мен жаттықтырушыға, экскурсия жүргізушісіне алғысымыз шексіз. Бізге артылған үміттерді ақтауға тырысамыз, – деді Еуразия гуманитарлық институтының колледжі студенттерінің атынан сөз алған Әйгерім Байдолда.

Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Роман Богдан:

– Барлығы үшін сіздерге алғысым шексіз! Бұл екі күн керемет өтті!