ДОМБЫРА КҮНІ – ҰЛТТЫҢ ҮНІ

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек ғана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!»

 

Қадыр Мырза-Әлі

Домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас. Ол – құнды қазына, ұлттық рух. Халқымыздың қадір тұтып, төрге ілген киелі аспабының құрметіне Елбасы мұрамызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күнін белгіледі.

–  Нұрекең өнерден хабардар екенін бірден аңғартты. Төле бидің толғауын, Қатаған мен Сүйінбайдың айтысын ұйып тыңдады. Домбыра ұсындық, керемет даусы да бар екен. Ол кезде айтуға рұқсат етілмейтін, әлі ақталмаған Иманжүсіптің толғауын, бірнеше халық әндерін қоса шырқап, елжандылығын танытты. Бабалар аманатын сол кездің өзінде-ақ көкірегіне сақтап, соларды жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған азамат екендігін байқатты. «Өнер сүйген патша – халық байлығы» демекші, өнер саласының майталмандарымен кездескен сәтте Елбасымыз қосылып ән шырқайды. Қандай керемет, қандай ғажап десеңізші! Қашан, қай елде мемлекет басшысының көппен бірге ән салғанын көріп едік? Еліңнің басшысы домбыра тартып, ән айтып, ән шығарып, әнге сөз жазып жатса, бұл деген халықтың бағы емес пе? - деп «Біз білетін Елбасы» үштомдығына кірген естеліктердің бірінде еңбек сіңірген халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Оразбай ой түйеді.

Шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру шешімі Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 12 маусымдағы №699  Жарлығымен қабылданған болатын. Жарлық ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыруды көздеді. Арада бірнеше күн өткен соң, 1 шілде күні, Ұлттық домбыра күніне арналған концертке қатысқан Елбасы «Жақында менің жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері», - деген болатын.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің кешегі нөмірінде жарық көрген «Тарихи тұлға тағылымы» мақаласындағы мына жолдар Нұрсұлтан Әбішұлының домбыраға жақындығын білдіреді: «Елдің Президентіне ғана емес, еміренген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қорытып шыңдалды. Өзі туып-өскен Алатаудың асқақ шыңдарындай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жайын ойлады, өзі де домбыра шертіп, халық мұрасын жақсы білгендіктен, зиялы қауымға жақын болды».

 

Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға. Сондықтан, ұлттық мәдениетімізді әлемге асқақтататын қасиетті аспаптың ұлықталуы заңдылық. Атаулы мерекеге орай Елбасы кітапханасы қазақтың қара домбырасын  арқау еткен жәдігерлерін қалың жұрттың назарына ұсынады.

  Ұлттық аспабымызды төрткүл дүниеге алғаш танытқан Әміре Қашаубай 1925 жылы Париж төрінде ән салып, Еуропа халқына мәдениетімізді паш еткен еді. Cәндік өнер мен көркемдік өндірістің халықаралық көрмесіне қандасымыздың қатысқанын Елбасы жеке архивінде сақтаулы тұрған жеделхаттың көшірмесі растайды. РКФСР ағарту комиссары А. Луначарскийдің Семей халық ағарту бөліміне жіберген хабарламасында «Алаш қаласы, Шығыс көшесінде тұратын қырғыз әншісі Әміре Қашаубайдың Парижде өтетін дүниежүзілік көрменің этнографиялық концерттеріне қатысу ниетін жедел анықтап, жауабын жедел хабарлауды сұраймын. Әншінің жолы мен жататын жері төленіп, қаламақы беріледі. Сапар 15 маусымнан 15 шілдеге дейін созылады. РКФСР халық ағарту комиссары Луначарский» делінген.

  «Бесқарагер», «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Қараторғай», «Қызыл бидай» сияқты көптеген қазақ халқының әндері Еуропа сахнасында тұңғыш рет шырқалды. Олардың қатарында болған «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Жалғыз арша», «Үш дос» әндерін орындағаны үшін Әміре Қашаубай көрменің екінші сыйлығы мен күміс медалін иеленді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы Әміренің сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. 1927 жылы Әміре Қашаубай Германиядағы Франкфурт қаласында өткен Дүниежүзілік музыка көрмесіне де, Мәскеу этнографиялық концертіне де қатысады. Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған сурет 1927 жылы Мәскеуде түсірілген. Суретте құрамында Әміре Қашаубай болған алғашқы Қазақ драма театрының труппасы орыс композитормен бірге отыр. Дәл осы кезеңде Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек», тағы да басқа әндерін жазып алады.  Кейін олардың тізімін Затаевич «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағында жариялады.

  Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан халқының Тұңғыш Президентке тарту еткен сыйлықтары да сақтаулы тұр. Олардың қатарында музыка аспаптары бар. Ағаштан ойылып, қармақ баумен жасаған бір қатар домбыраның түр-түрі келелі жиындар мен маңызды іс-шаралардың кезінде табысталған.

  «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», - дейді Ахмет Жұбанов.  Белгілі қазақ композиторының қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек.

  Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болар.