«ДИПЛОМАТТАР – ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАҚУАЛАРЫ» БІРЕГЕЙ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

2018 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында (Назарбаев орталығы ғимараты) халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған «Дипломаттар – әлем халықтарының тақуалары» көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Израиль мемлекетінің Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Көрмені ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов Қазақстан тарихында жазықсыз жандардың тағдырын шешкен үрейлі жылдары теңдесі жоқ қылмыстар орын алғанына тоқталды.

– Өткен ғасырдың 30-жылдары аштық пен түрлі індеттен қазақстандықтардың саны 40 %-ға қысқарды. Қылмыстық әміршіл жүйенің кесірінен миллиондаған жандар құрбан болды. Қазақстан еріксіз жер аударылған саяси тұтқындардың мекеніне айналды. Астанаға жақын маңда Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері болғанын сіздер жақсы білесіздер. Қазақстанның аумағына түрлі елдерден ондаған ұлт өкілдері жер аударылды. Олар осы жерден өздерінің екінші Отанын тапты. Біздің көпұлтты халқымыз адамдар арасындағы алауыздықтың неге әкеп соқтыратынын жақсы біледі. Міне, сондықтан да тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясының негізі – ұлтаралық және конфессияарылық келісім екені сөзсіз. Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге бастамашы болды. Биылғы жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында кезекті алтыншы съезд өткізілмекші. Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы ұлтаралық келісімді қолдау және қол жеткізу идеясына негізделген. Бұл жобаға биыл 10 жыл толады. Осы жылдар ішінде Музей қабырғасында, кейіннен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында қала тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналған ондаған бірегей көрмелер, әдеби және музыкалық кештер, шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер өткізілді. Осыдан мәдениеттің бейбітшілік пен келісімнің жаршысы болып, халықтар мен елдерді біріктіретініне көз жеткіземіз.

– Бүгін біз Назарбаев орталығының ерекше ғимаратында дүниежүзі тарихының қатігездікке толы ең қайғылы беттерінің біріне арналған көрмені ашуға жиналып отырмыз. Бұл көрме – Холокост құрбандарына арналады. ХХ ғасырдағы адамзат тарихында миллиондаған жазықсыз жандардың тағдырын шешкен теңдесі жоқ қылмыстар орын алып, қорқыныш пен үрей шарықтау шегіне жетті, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Қазақстан Республикасындағы Израиль мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаэль Бродский өзінің алғы сөзінде:

– Адамзат тарихында бұдан өткен сұмдық болған емес, осындай адам төзгісіз орасан жауыздықты естен шығару да мүмкін емес. Холокост еврей халқын, мәдениеті мен дәстүрін жою мақсатында ұлтшыл Германия мен оның жымысқылары ұйымдастырған әміршіл жүйенің теңдесі жоқ зұлматына айналды. Сондай-ақ Холокост ерлік істерге де куәгер болғанын айта кетуіміз қажет, себебі еврейлерді құтқарып, мыңдаған адамды өлім аузынан арашалап қалуға өз басын қауіп-қатерге тіккен қарапайым жандардан дипломаттарға дейінгі түрлі әлеуметтік топтың өкілдері атсалысты.