Терең ойды талап ететін жас шахматшылар үшін бүгінгі ойын әдеттегіден ерек. Астаналық мектеп оқушылары халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасовамен сынға түсті. Шахмат ханшайымы біруақытта 21 баламен ойнап, асқан шеберлігінің сырын паш етті. Әлемнің төрт дүркін чемпионымен шахмат тақтасында Диас Оспан кездесті. Кіл мықты қарсыластан жеңілген оқушы дайындықты шыңдауға ден қоймақ.
– 2 жыл бұрын шахмат үйірмесіне жазылдым. Бірақ күнделікті сабағыма дайындалуға үлгермей, ермегімнен қол үздім. Еліміздің туын әлемдік додаларда талай мәрте желбіреткен Динараның шеберлігі тәнті етті. Өзімнің қателіктерімді түсіндім. Бүгін шахмат үйірмесіне қайта жазылу қажеттігін түсіндім. Есепке деген жүйріктік, терең талдау және ойлау қабілеті менің таңдаған мамандығыма да қажет. Болашақта білікті елші атануды армандаймын, - деп өзінің ойыннан алған әсерімен №71 мектептің оқушысы бөлісті.

Динара биылғы туған күнін ерекше қарсы алуды ұйғарған. Ізгілікке жаны жақын қаракөз ару елордалық жоғары оқу орындарының бірінде қайырымдылық ойынын өткізді. Уақыты аса тығыз болғанымен, дарынды жас ниет білдіргендерге шахмат тақтасының тілін меңгеруге қолғабыс етеді. 2014 жылы оның «Шахматтағы алғашқы қадамдар» алғашқы кітабы жарық көрген. Дарынды жастың шәкіртақысы есебінен туынды 1500 данамен басылып, барлық өңірлердегі мектептер мен оқыту орталықтарына тегін таратылды. Биыл Динара шахмат тақтасының әліппесін ашатын кітаптың мазмұнын толықтыруды жоспарлап отыр.

– Бүгінде елімізде шахмат ойыны кең етек жайды. Бүгінгі ойын барысында да жастар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Оларға біліп-түйгенімді үйретуге тырыстым. Мені шахмат шынықтырды. Ойын сабырлыққа, шыдамдылыққа және еңбексүйгіштікке үйретті. Бүгінде білімімді жетілдіруге кірістім. Орал тау-кен университетінің 3 курсында геолог мамандығы бойынша оқимын. Бірақ алдағы 15 жыл ішінде өзімді тек шахматшы ретінде елестетемін, - дейді халықаралық гроссмейстер.
Еліміздің жалауын әлемдік деңгейде желбіреткен қаракөз қызымыз 2017 жылы ақпанда Иранда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатына дайындыққа қызу кірісті. Қызының жеңіске деген талпынысын, нақтылығы мен жауапкершілігін анасы да мойындайды.
– Менің 3 балам да кішкентайынан өзін-өзі дамытуға, таным көкжиегін кеңейтуге құмар болатын. Олар шахматпен қатар, музыкалық және спорт үйірмелеріне қатысты. Кенжем Динара қуыршақ ойнауға ешбір қызығушылық танытпайтын. Одан гөрі құрастыруды және жинауды жақсы көретін. Қызымның бұл қасиеті шахматқа деген сүйіспеншілікті оятты. Математикалық қабілетті қажет ететін ойын баланың ойлау жүйесін дамытады. Оған Динара дендеп кіріссе, үлкендерім ғылым саласына бет бұрды, - деп атап өтті Динараның анасы, оның менеджері Орал Өтешева.
Халықаралық гроссмейстер Динара Елбасы кітапханасы ұйымдастырған шеберлік сыныбына қатысқан үздік ойыншыларға өзінің төл кітабын тарту етті. Қазақтың намысын қорғап жүрген майталман шахматшыға рухани орда атынан кәдесый табысталды.
Тағылымды шарада тоғысқан барлық балаларға басты рухани азық кітап сыйға берілді.


