ДАМЕЛЬ МЕКТЕПБАЕВА: «БИОТЕХНОЛОГИЯЛАР ӨМІРІМДІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТТІ»

25 наурызда Елбасы кітапханасында «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларымен бірлескен іс-шарасы – кездесу кеші өтті.

0U3A3400

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, жас ғалым, биотехнолог Дамель Мектепбаева қысқа уақыт ішінде ғылым мен бизнес саласында үлкен табыстарға жеткен. Шетелде алған білімі мен тәжірибесі оның тұлға ретінде қалыптасуы және өмірлік ұстанымдарының түбегейлі өзгеруіне зор ықпал еткен. Қазіргі таңда ол әлемдік ғылыми ортада кеңінен танымал Нооре (диагностикалық шеңбер) жобасы авторларының бірі болып табылады. Ол өз компаниясын ашқан. Екі жаңа жоба патентінің иегері Дамель - қоғамдық өмірде де белсенді азаматша.

Кездесу кешінде Дамель Индиана университетіндегі оқуын тәмамдап, Singularity University грантын ұтып алғаны және осы ЖОО-да тағылымдамадан өту барысы туралы айтып берді. Singularity университеті Калифорния аумағында NASA зерттеу орталығында орналасқан.  

0U3A3413

Аталған зерттеу орталығында тағылымдама кезінде Дамельге диагностикалық шеңбер жасау туралы идея келеді. Осы идеяны іске асыру нәтижесінде қазақстандық жас ғалым бір тамшы қаннан ағза бойындағы ауруды анықтайтын жаңалық ашқан.  

Жалпы, Дамель балалық шақтан биология пәнін ерекше ұнатқан екен. Сол себепті болашақ кәсібін таңдауда «Биотехнология» мамандығына барады. Жас ғалымның айтуынша, биотехнологияның болашағы жарқын, бүгінгі таңда ғылымның осы саласы адамзат үшін мол игіліктерге жол ашуда. Атап айтқанда: ауруды ерте анықтау, науқасқа жедел жәрдем көрсету, адам өмірін ұзарту, жер бетіндегі аштық проблемасын шешуге және т.б. әлеуметтік проблемаларды шешуге көмектеседі. Ғылым жолында табысқа жеткен Дамель: «Биотехнологиялар мені кәсіптік жеңістерге жетеледі, осы ілім менің өмірлік ұстанымдарымды түбегейлі өзгертті» - деді.

0U3A3431

Талантты жас ғалым Назарбаев мектебінің оқушыларына биотехнологияның перспективалық бағыттары, аталған ілімнің басқа ғылым салаларымен тығыз байланысы, оның жобалық менеджменті туралы әңгімелей отырып оқушылардың сұрақтарына жауап берді.