«ДАЛА ӘУЕНІ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Кәмила Жапалованың «Дала әуені» жеке көрмесі ашылды. Көрме Кітапхананың «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында ұйымдастырылды.

«Туындылары ерекше техникасы мен қанық бояуымен көрермен көзін тартатын автордың алғашқы көрмесі дәл біздің Кітапханада осыдан 12 жыл бұрын өткен еді. Сол себепті де Кәмила Жапаловамен қайта қауышуға біз ризамыз. Суретші шығармалары арқылы ұлттық мәдениетінімізді, салт-дәстүрлерімізді дәріптейді. Суретшінің шығармашылығында тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің де орны ерекше. Бүгінгі көрмеде биыл 100 жылдық мерейтойы аталып жатқан Ұлы Отан соғысының батыры Хиуаз Доспанованың портреті де ұсынылған», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Б.Темірболат.

Кәсіби білімін Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесі мен Санкт-Петербургтегі В.Мухина атындағы көркемсурет училищесінен алған Кәмила Жапалова «батик» техникасында түстер палитрасының кең ауқымын пайдаланады. Қазақ ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің галереясын ұсынған автор ретінде ол халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанған.

«Индонезия, Қытай, Жапония елдерінде кең тараған батик техникасының тарихы терең. Жібек матаға салынатын нәзік өнер түрі көптеген ғасырлар бойы адамнан ептілікті, ұқыптылық пен төзімділікті талап етіп келеді. Саланың барлық сатысынан өтіп, отандық көрерменнің көңілінен шығып жатқаныма өте ризамын. Тарихқа көз жүгіртсек, батик бағытының даму жолы әуелі жібек киімге салынудан бастау алған. Бағасы алтынға тең келетін мұндай киімді ауқатты, беделді адамдар мен ақсүйектер ғана киген. Бұл өнерге сүйсініп, оны өз нақышымызға келтіре бастадым. Жаңаша жаңғырған өнердің бағытын Американың халықаралық көрмесінде паш еттім. Оған қызыққан қытайлардың өзі туындыларымның қай техникада орындалғанын түсінбей, сұрап жатты. Өнер арқылы ұлттық кодымызды, мәдениетімізді дәріптегім келген ниетім маған үлкен шабыт береді», - деді К.Жапалова.

Бүгінде АҚШ, Қытай, Ресей, БАӘ, Германияда өткен көптеген халықаралық көрмелерге қатысып үлгерген ол шетелдік көрермендерге Ұлы даланың сәндік-қолданбалы өнерін, оның ерекшелігін көрсетіп келеді. АҚШ-тағы ART-EXPO халықаралық көрмесі аясында ұлттық нақышымыз бар батикерді ұсынған Кәмиланы New York Realism Fine Art суретшілер қоғамының мүшелері «Қазақ ұлттық стиліндегі батик өнерінің негізін қалаушы» атағы мен алтын медальмен марапаттаған.

Кәмила Жапалованың шығармалары өзіндік сипат пен стильге ие. Фольклорлық нақыш пен лирикалық абстракцияға толы оның жұмыстары қазақ халқының тарихын, тұрмысы мен мәдениеті суреттейді. Туындылар туған жерге деген махаббатпен сусындаған. Сондықтан да Кәмила Жапалованың шығармаларын өткенді, бүгінді және болашақты жырлаған даланың әуені атауға толық негіз бар.

 «Дала әуені» көрмесін 2022 жылдың 1 тамызына дейін тамашалауға болады.