БҮЛДІРШІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН МУЗЕЙ САБАҚТАРЫ

Үстіміздегі жылдың 14 наурызында № 48 «Ақ көгершін» балабақшасының тәрбиеленушілеріне Елбасы кітапханасының музейі бойынша «Бүлдіршіндерге арналған әліппе-жолкөрсеткіш. «А» әрпі» көшпелі музей сабағы өтті. Шара «Музей және балалар» ғылыми-ағарту жобасын жүзеге асыру аясында және Астананың 20 жылдығына арналды.

Балалар «А» әрпімен танысып, еліміздің бас қаласы жайлы, елорданы ауыстырудағы және одан әрі дамытудағы Мемлекет басшысының рөлі туралы білімдерін кеңейтті. Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Саягүл Жақыпова балаларға бәйтерек туралы қызықты аңызды, самұрық құс пен киелі ағаштың тарихын баяндап берді.

Астана туралы әңгімелеуде балалар елорданың ежелгі тарихымен, оның көрнекті сәулетті құрылысымен танысып, өздерінің қала туралы пікірлерін білдірді. Топтық жұмыс кезінде әр бала белсенді атсалысып, үнемі әңгімеге қосылып отырды.

Музей сабағы барысында ойындар мен әртүрлі топтық жұмыс үлгілері қолданылды. Балалар «А» әрпімен таныстықтарын бекітіп, «Астана» ұғымының нені білдіретіні туралы өз ойларымен бөлісті.

Балабақша тәрбиешілері Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғысын білдіріп, сабақтың әдістемелік сауаттылығын, балалармен жұмыс жасаудағы инновациялық тәсілдерін, қор жинағындағы қолданылған көрнекі материалдардың ерекшелігі мен өзектілігіне тоқталды.

Әсия Білтеева:

– Мектеп жасына дейінгі балаларға осындай сабақ өткізу қызықты әрі танымдық жағынан жас ерекшеліктеріне сай келеді. Астананың 20 жылдығын тойлау қарсаңында бұл ерекше өзекті болып табылады.

Айнұр Ахметова:

– Сабақ барысындағы балалардың белсенділігін, Астана тарихына қатысты аңыздарға деген шынайы қызығушылықтарын ерекше атап айтқым келеді. Жаңа елордамыздың қалыптасуындағы Мемлекет басшысының рөлі түсінікті әрі жетік баяндалды. Елбасы кітапханасының қызметкерлері сабақты қазақ және орыс тілдерінде өткізді. Осындай тамаша сабақ үшін шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді.