БҮГІН КЕШЕГІДЕН ДЕ ҮЗДІК БОЛ!

14 қараша күні «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-тренинг өз мәресіне жетті. Аталған семинар-тренингке Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.

Сертификаттарды табыстау рәсімін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өткізді.

- Семинар-тренинг барысында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тығыз байланысты мемлекеттік бағдарламалар, жобалар мен бастамалар туралы көп нәрсе біліп қана қоймай, мемлекеттік стратегия мен мемлекеттік басқару стратегиясының әлеуметтік-экономикалық, рухани және ділдік ерекшеліктерге тікелей байланысты екенін ұғындыңыздар деп ойлаймын», - деді Б.Қайыпова «Болашаққа жол өзіңнен басталды» курсын меңгерген жастарды құттықтау барысында.

Ботагөз Мұттахиденқызы бүгінгі мектеп оқушылар мен жастардың Қазақстанның болашағын құрып, оны биік белестер мен шыңдарға жетелейтіндіктен, олар бәсекеге қабілетті, жаңа ақпаратты жылдам қабылдап, тың жайттарға тез бейімделу қажеттігін, заманның қауіп-қатерлеріне қарсы тұруға дайын болуының маңыздылығын атап өтті.

  

Барлық қатысушылар сертификаттармен қатар естелік сыйлықтарға ие болды. Олар семинар-тренинг ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп, өз өнерлерін ортаға салды.

Көптеген тыңдаушылар алған әсерлерімен әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті. Мәселен, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Евгений Романенко былай деп жазыпты: «Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 13-14 қарашасында өткен семинар-тренингтің тақырыбы «Болашаққа жол өзіңнен басталады» деп аталды. Ақиқатында біздің әрқайсымыз еліміздің болашақтағы дамуына өз үлесімізді қосамыз ғой. Біздің тарихымыз неліктен бай әрі қызықты? Бәрі түсінікті: қай заман да болсын, ештеңеден қорықпай, жасампаздық танытатын тұлғалар болады. Олар өз идеяларын алға тартып, өзгеруден еш қорықпайды. Әрбіреуіміз осыны түсінуіміз керек. Тек жеке басымыздың болашағы ғана емес тұтас елдің болашағы бізге байланысты екенін түсінуіміз керек. Осындай семинар-тренингтер еліміздің дамуы үшін біздің қажет екеінмізді сезінуге мүмкіндік береді. Біз өз үлесімізді қалай қоса аламыз? Неден бастау керек? Ол үшін өзіңнен баста! Өзгер, оқы, талпын. Бүгін кешеден де үздік бол! Жоғары да дұрыс мақсат қоя біл және сол мақсатқа жет! Елің мен ұлтыңның тарихын біл. Түп-тамырыңды білуге тырыс. Туған өлкеңді зертте! Біздің тренинг екі бөлімнен тұрды. Біріншісі: тарихтың таңқаларлық деректері, шабыттандырар сөздер және басқаларынан тұратын дәрістер. Екіншісі: қызықты ойындар, миға шабуыл, толықтай қайта жаңғырудан тұратын тренингтер. Дәріскерлерге, жаттықтырушыларға және әрине, ұйымдастырушыларға зор алығысымызды білдіргіміз келеді. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Семинар барысында жылы да тілектестік қарым-қатынасты, қонақжайлықты сезіндік. Бүгінгі жастар үшін мұндай іс-шаралар өте пайдалы».