Замандас қазақстандық суретшілерді және олардың туындыларын білеміз бе? Сауалға жауап беру үшін «Қазақстан кескіндемесі» фотоальбомын парақтау қажет. Бояуы кеппеген ІІ томдық жинаққа еліміздің 130-ға жуық қылқалам шеберлерінің еңбектері енген. Олардың арасында елімізге танымал суретшілерімен қатар өзіндік қолтаңбаларымен көпшілікті тәнті еткен жастар да бар. Камиль Муллашев, Сұлтан Иляев, Талғат Тәтиев, Төлеген Сүлейменов, Қарасай Нұркенов, Айнабек Оспанов өздерінің ой-пікірлерін, өмірлік ұстанымдарын қылқалам арқылы сөйлетеді.
Әрбір туындының өзіндік сыры мен терең мәні бар. Қылқалам шеберлері тарихи тұлғаларды, табиғи көріністерді, халықтың тұрмыс-тіршілігін, қаланың ажарын қағазға бейнелеген. Оңтүстік Қазақстандық Әбдуахат Мұратбаев еліміздегі петроглифтерді зерделеп, этносимволизм стилін жанына серік еткен. Оның туындыларында ата-бабаларымыздың бір-біріне ақпаратты жеткізу үшін пайдаланған белгілері мен таңбалары көрініс тапқан. «Көне қала», «Ойшыл» деген кескіндемелік кенептерде өзіндік ерекшеліктер айқын байқалады.
Гүлнәр Сүйінбаеваның шығармашылық қолтаңбасы да өнер сүйер қауымды бей-жай қалдырмайды. Нәзік жан сырмақ өрнектерін негізге алып, оны қағазға түсіретін бейнелерімен тығыз ұштастырады. «Рымжан» туындысындағы түстік үйлесімге көз жүгіртсек, құрақ құру ойға оралады.
Ал Ғалым Оспанов – натюрморт шебері. Ол көбіне жеміс-жидектерді және оларға арналған құтыларды бейнелеп, өзінің көзқарасын білдіреді.
Марат Тоқсейітовтің еңбектері де бірден көзге басылады. Терең фәлсафаға берік суретші ауылдың күйбең тірлігін қылқаламына арқау етеді. Автор бояу қанық төлтуындылары арқылы табиғат пен қалаға деген көзқарасын білдірген.
Қиялына қанат бітіріп, боямасыз тіршілікті қағазға бейнелейтін суретшілердің фотоальбомы 2016 жылы жарық көрген. Қылқаламның қуатын паш ететін жинақта тәуелсіздік жылдары туған туындылар қамтылған. Жерлес қылқалам шеберлері жайлы ақпарат үш тілде ұсынылған: қазақ, орыс және ағылшын. Жақында фотокітап Елбасы кітапханасының қорын толықтырды.



