«БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» ВЕБИНАРЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОҚУ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛДЫ

12-13 және 19-20 мамыр аралығында өткен «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты Елбасы кітапханасының екі күндік семинар-тренингтеріне 160 адам қатысты. Олардың қатарына астанадағы Менеджмент, бизнес және білім колледжінің, Басқару колледжінің, Астана халықаралық университеті педагогикалық колледжінің, Сервис және туризм колледжінің және Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері кіреді.

Қос вебинармен Кітапхананың 2020-2021 жылғы оқу маусымы аяқталды.

Дәстүрге сәйкес, семинар-тренингті тәмамдаған қатысушылар өз пікірлері мен тілектерін білдірді.

 «Еліміздің өткені мен бүгініне қатысты біраз дерек жинап, болашақ жоспарларға қатысты қажетті ақпарат алдым. Мұндай ақпаратты мемлекет азаматтары, әсіресе жастар тиімді пайдаланып, Қазақстан Республикасының әл-ауқатын өркендетуге ұмтылуы тиіс деген ойдамын», - деді Педагогикалық колледж студенті Дильназ Арыстанбекова.

«Дәрістер мазмұнымен қызықтырып, көңілімнен шықты. Ақпараттың студенттер үшін ғана емес, біз сияқты мұғалімдер үшін де құнды екенін белгілегім келеді. Дәріскерлердің көмегімен қажетті тәжірибені жинай алдық. Тренингті ұйымдастырған Елбасы кітапханасына алғысымыз шексіз. Бұл үлгідегі іс-шараларға алдағы уақытта қуана қатысатын боламыз» - деді Сервис және туризм колледжінің оқытушысы Ботагөз Шапишева.

Тыңдаушыларға сертификаттар таратылды. Олардың арасындағы ең белсенділері алғыс хаттармен марапатталды.

2020-2021 оқу жылының ішінде Елбасы кітапханасының  екі күндік 22вебинарына 1151 адам қатысты. Олардың қатарында 20 ЖОО мен 5 колледждің 665 студенті, еліміздің 13 облысынан қатысқан 378 мектеп оқушысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 83 қызметкері бар.