«БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» ВЕБИНАРЫ – ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖЕҢІСТЕРГЕ БАСТАЙТЫН ЖОЛ

28-29 қазанда Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты кезекті вебинары өтті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті және Қарағанды индустриялық университетінің 52 студенті оқу курсының жаңа тыңдаушылары атанды.

Жас оралдықтар мен теміртаулықтар дәріскерлердің «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» лекция түрінде ұсынылған Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың бағдарламалық мақалалары мен Жолдауларын ыждаһаттылықпен таныстырғанын,  сондай-ақ тәжірибелік сабақтар мен тренингтерді жоғары бағалады.

– Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ студенттерінің атынан ұйымдастырушыларға екі күндік вебинар және тамаша дәрістер мен пайдалы тренингтер өткізгендері үшін алғыс айтқым келеді. Оқу барысында көптеген ойлар, идеялар, жобалар дүниеге келді. Алынған жаңа білім мен дағдылар болашақта бізге қажет болатынына сенімдімін, - деп Динара Әуелбаева онлайн-семинардың соңында өз пікірін жолдады.

Онымен Сауат Берікқалидің ойы бір жерден шықты, ол вебинар оған ерекше әсер қалдырғанын және қарастырылған тақырыптар бойынша терең білім алуға және өз әлеуетін дамытуға шабыттандырғанын атап өтті.

– «Болашаққа бастар жол өзіңнен басталады» вебинары біз үшін жаңа, биік жетістіктер мен жеңістердің бастауы болады деп ойлаймын, - деп атап өтті ол.

Оқу курсынан өткендігін растайтын сертификаттар тыңдаушыларға пошта арқылы жіберіледі.