«БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» ВЕБИНАРЛАРЫ ЕКІ АЙДА 400-ДЕН АСТАМ АДАМДЫ ҚАМТЫДЫ

25-26 қарашада Елбасы кітапханасының осы жылғы  «Болашаққа  жол өзіңнен басталады»  вебинарын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері қорытындылады.

– Елбасы кітапханасы вебинарының арқасында біздің студенттер онлайн режимінде Қазақстан тарихынан көптеген жаңа фактілерді білді. Сондай-ақ еліміздің өзекті бағдарламалық құжаттарымен және Елбасы мен Президент Қ.К. Тоқаевтың мақалаларымен егжей-тегжейлі танысты. Дәріскерлердің көмегімен оларды толық түсініп, тәжірибелік сабақтарда жаңа құнды дағдыларға ие болды. Педагогтарға олардың кәсібилігі мен шеберлігі үшін көп рахмет! – деп ой бөлісті өз жазбасында «І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ Жастар орталығының басшысы Бархудар Гусенов.

Оқу жылының басынан бастап «Болашаққа жол өзіңнен басталады»  атты екі күндік вебинар-тренингтер аясында Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Еуразия гуманитарлық институты, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттеріне және Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының жоғары сынып оқушыларына 32 сабақ  өткізді.

«Болашаққа жол өзіңнен басталады» білім беру бағдарламасының тыңдаушылары 408 адамды құрады, оның ішінде – 233 студент, 150 оқушы, 24 тәлімгер. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.