«БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» ЕНДІ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ!

25 ақпанда Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен Astana IT University және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенттеріне арналған «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-тренинг өтті.

Оқыту онлайн және офлайн форматтарын қамтыды.  Astana IT University студенттері Елбасы кітапханасының дәріс залында, ал Алматыдағы  студенттер Zoom платформасы арқылы семинар-тренингке қатысуға мүмкіндік алды.
Семинар барысында Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіп революциясы», «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыптарында дәріс оқыды. Astana IT University студенттері үшін арнайы лекциялар ағылшын тілінде қарастырылды.
 

Семинарларда тек теориялық материал нысанаға алынбайды, сонымен қатар, сыни және жобалық ойлауды, көшбасшылық қасиеттерді ұштауды, жастарды ұжыммен жұмыс істеуге баулуды, сондай-ақ, әртүрлі жаттығуларды орындау арқылы дәріс материалдарын тегіс сіңіруге жол ашатын тренингтер өткізіледі.

Оқыту барлық қатысушылар үшін ең қызықты жоба және белсенді қатысқаны үшін сертификаттар мен алғыс хаттарды тапсыру рәсімімен мәресіне жетті.

– Құрметті студенттер! Сіздерді семинар-тренингтің жемісті аяқталуымен құттықтаймын! Бүгінгі оқудан алған білімдеріңіз қоғамымыздың лайықты азаматы және жеке тұлға ретінде қалыптасып, ары қарай даму үшін берік негіз болады деп сенемін. Қазақстан Республикасының болашағы сіздерге тікелей байланысты екенін естен шығармаған абзал. Еліміздің қарыштап дамуы үшін, жарқын келешегі үшін үздіксіз білім алып, біліктіліктеріңізді арттырып, өз-өздеріңізді жетілдіріп отырыңыздар, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Қатысушылар семинар-тренингті ұйымдастырған Елбасы кітапханасының ұжымына алғыстарын айтып, шығармашылық табыс пен жарқын бастамалар тіледі.

– Біріншіден, Елбасы кітапханасының табалдырығын аттап, рухани орданың тіршілігімен танысқаным үшін қуаныштымын. Біз үшін қызықты әрі мазмұнды экскурсия өткізілді. Бір сәттің ішінде өреміз кеңейіп қалғаны анық.  Екіншіден, «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингі өткен екі күн бойы мол тәжірибе мен бірегей білім алдық. Елбасы кітапханасы қазақстандық жастарды ағарту жолында тынбай еңбек етіп келеді. Сіздерге деген құрметіміз ерекше, алғысымыз шексіз,  – деп өз әсерімен бөлісті Astana IT University 1 курс студенті Ернар Тұрсынбай.