БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ

Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен Жастар жылына арналған жобалар бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Дәстүрге айналған екі күндік оқу курсы да соның айғағы. Бүгін Назарбаев орталығында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» тақырыбында семинар-тренингтің жаңа маусымы ашылды.

Жаңа маусымның  алғашқы қатысушылары – еліміздегі ең беделді оқу орындары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері.

Еңселі екі жоғарғы оқу орнынан келген 50 тыңдаушыға Елбасы кітапханасының қызметкерлері жаңа тақырыпта дәрістер оқып, түрлі тренингтер өткізді.

Әлеуметтік-ағартушылық жобалар және білім беру қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова оқу курсының бағытына тоқталып өтті:

–Бүгінгі түңлігін түрген жаңа маусым – «Болашаққа жол өзіңнен басталады» деп аталды. Бұл семинар-тренингтің бағдарламасында дәрістер кезең-кезең бойынша Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, «Индустрия 4.0» – төртінші өнеркәсіптік революция» бағдарламасы, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы өзекті мәселелерге байланысты өрбитін болады. Жобамыз о бастан  Мемлекет басшысы Н.А.Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын жастардың бойына сіңіруге бағытталған болатын. Осы жолғы оқу курсымыз да сол сүрлеумен жалғасатын болады.

Алатау баурайынан арнайы келген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің 2 курс студенті Бекзат Бауыржанұлы өзінің кітапқұмар екендігін айтып, оқу курсы туралы ой бөлісті:

«Бала кезден кітапқұмар болғандықтан, Елбасы кітапханасына сапарлап келеміз деген сәттен бастап бойымды қуаныш биледі. Өйткені мұндағы асыл мұраны көзбен көргім келді. Том-том боп тізілген құнды қазынаға қарап, Елбасы кітапханасының кітап қорының молдығына қатты қызықтым. Ал, бүгінгі семинар-тренингке тоқталатын болсам, ең алдымен Елбасымыз жариялаған Жастар жылында жаңа маусымның алғашқы қатысушыларының бірі болғаныма өте қуаныштымын. «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің дәрістері мен тәжірибелік сабақтары – өзіңді тұлға ретінде қалыптастыруға бағыттайтын бағдаршамдай. Осындай оқу курсынан алған білімнен кейін тәуелсіз елдің жастары ретінде өз жолымызды қалыптастырып, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек деп ойлаймын».

Айта кетсек, 2015 жылдан бері Елбасы кітапханасында 136 оқу курсы  өткізілді. Жыл бойы өтетін семинарларға Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдері мен жоғарғы сынып оқушылары, студенттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары, БАҚ және жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер қатысады.

Осы күнге дейін Елбасы кітапханасында өткен семинар-тренингке 7 мыңнан астам тыңдаушы қатысып, оларға Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам», «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбы бойынша дәрістер оқылып, сертификаттар тапсырылған.