«БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» ВЕБИНАРЫ

«Болашаққа бастар жол өзіңнен басталады» вебинарына Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысының жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен мектепте таныстым, бірақ оның маңыздылығы мен негізгі ережелерін осы семинар-тренингке қатысқаннан кейін түсіне бастадым. Қатысушылар жаңа ақпарат алып қана қоймай, өз идеяларын ойлап тауып, оларды жүзеге асыру бойынша жобалар жазуды үйренді. Сабақтар қызықты ұйымдастырылды, білікті оқытушылар материалды қол жетімді түрде ұсынып, бізге бәрін тереңінен түсінуге көмектесіп, жаңа білім мен дағдыларды алуға, қабілеттерімізді дамытуға әрі мақсаттарға жетуге қанаттандыра білді. Біздің топта еліміздің әр өңірлерінен келген жастар болды. Бұл маған жаңа достар мен пікірлес адамдар табуға мүмкіндік берді. Қатысушылар арасындағы қарым-қатынас, қызықты сабақтар – осының бәрі семинар-тренингтерді ұмытылмастай етті, – деген өз жазбасында  № 2 Бескөл орта мектептің 10 сынып оқушысы Анастасия Землякова.


 

№1 Ленинград орта мектебінің 11 сынып оқушысы Алина Өтелбекова ұйымдастырушылар мен педагогтарға алғысын білдірді.

– Әр тақырыпты тыңдап, тереңіне үңілу өте қызықты болды. Ел дамуының сан қыры ашылып, оның одан әрі өркендеуіне қалай үлес қосатынымыз айқындалды. Бұл вебинар әрқайсымыздың бойымыздағы патриотизмді одан сайын ашып, бейімділік пен сыни ойлаудың дамуына ықпал етті, – деп ой бөлісті ол.

Өткен екі вебинар осы жылды қорытындылады. Елбасы кітапханасының екі күндік семинар-тренингтеріне 2021 жылдың ақпан-қараша айларында 26 жоғары оқу орнынан 546 студент, 6 колледжден 157 студент, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университеті және ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясынан 100 тыңдаушы, сондай-ақ еліміздің барлық облыстарынан 395 үздік оқушы, жалпы саны – 1198 адам қатысты.  

2022 жылғы семинар-тренингтер жаңартылған бағдарлама бойынша өтеді.