«БОЛАШАҚ» ПРЕЗИДЕНТТІК СТИПЕНДИЯСЫНЫҢ БІЛІКТІ 30 ТҮЛЕГІ» ИНТЕРАКТИВ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

4 наурызда Елбасы кітапханасында «Болашақ» президенттік стипендиясының білікті 30 түлегі» интерактив кездесуі өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ұйымдастырған іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен 1993 жылы бекітілген «Болашақ» стипендиясы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған жас мемлекеттің жемісті жобасы болды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 11 мың маман еліміздегі экономика саласының алдыңғы қатарлы мекемелерінде қызмет етіп, білім, ғылым, техника, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына қатысты идеяларын жүзеге асырып жатыр.

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат құттықтау сөзінде: «Біз бүгін «Болашақ» бағдарламасының түлектері, сіздер үшін жиналып отырмыз. Елбасы кітапханасының басты миссиясы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси мұрасын зерделеу, жүйелеу және насихаттау. Сондай игі бастаманың бірі – «Болашақ» бағдарламасы. «Болашақ» түлектері –  Елбасы ойластырған оң бағыттың  айқын дәлелі. Сіздер өз тәжірибелеріңіз бен жетістіктеріңіз арқылы арттарыңыздан ерген жас ұрпаққа үлкен серпін бересіздер. Бүгінгі кездесуге онлайн қосылған өңірлік жоғары оқу орындарының студенттері бір серпініп, жоғары мотивация алды деп ойлаймын».

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының түлектері өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісе алатын іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары әртүрлі саяси, экономикалық тәуекелдерге қарамастан, Елбасы көреген шешім қабылдап, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасының түлектері еліміздің экономикасына, әлеуметтік саласына, ғылымына, біліміне өз еңбегін сіңіріп жатыр. Осы жылдар ішінде жалпы 14 мың Қазақстан азаматтары «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Қазіргі уақытта 11 мың стипендиат нақты біздің экономикамызға өздерінің үлесін қосып жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде 5754-і әйел азаматтар... Жақында біз «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ел дамуына қосқан үлесі туралы маңызды зерттеу жүргіздік. Мысалы, медициналық саланы қарайтын болсақ – 790 түлек денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Орташа алғанда, олардың әрқайсысы шамамен 391 операция жасайды. Жалпы алғанда, бұл жылына 213 мың адам аман қалады деген сөз. Адам өмірін сақтап қалу секілді осындай нақты көрсеткіштер «Болашақ» бағдарламасының қаншалықты табысты екенін әрі оның еліміздің дамуына қаншалықты әсер ететінін айқын көрсетеді», – деді министр.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозова өз сөзінде «Президенттік стипендия түлектерінің 50% жуығы қазіргі уақытта ел экономикасының, ғылымның, инновацияның дамуына өз үлесін қосып жүрген табысты ғалымдар, басқарушылар және кәсіпкерлердің дені –  нәзік жандар» екенін айтты: «Бүгін бірлесе ұйымдастарған мерекелік іс-шараның басты мақсаты –  «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде әлемнің озық оқу орындарында білім алып, еліміздің игілігіне жаратып жатқан барша қыздардың өздерінің жетістік тарихтарын қоғамға жеткізу, ең мықты аруларымызды сөйлету арқылы «Болашақ» бағдарламасының Елбасының адами капиталды дамытудағы ең сәтті стартапы екенін паш ету. Сондай-ақ қарапайым  отбасынан шыққан қазақстандықтардың «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдің үздік оқу орындарында   білім алып, елге оралып, сол білімі мен тәжірибесімен халқымыздың игілігіне жаратудағы ерекше орнын, әлеуметтік лифт болғандығын дәлелдеп, біздің мысалымызбен көрсету». 

Іс-шара барысында «Болашақ» бағдарламасынан түлеп ұшқан білікті арулар сөз сөйлейді. Солардың бірі «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» АҚ басқармасының төрағасы, ректор Гүлзада Шакуликова: «Біз оқуын бітірейін деп жатқан студенттермен магистартураға түсу үшін жұмыс жүргіземіз. Оқытушылармен ақылдасып, әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынамыз, өйткені озық университет –бұл мықты кадрлар, ал мықты кадрлар – бұл қуатты өңір, демек бүкіл Қазақстан».

Өзінің ғылыми саладағы жетістіктерімен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-маммологы Назгүл Омарбаева бөлісті: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және біздің институтпен бірігіп,  біз Қазақстандағы жас әйелдердің сүт безі обыры дамуының генетикалық зерттеулердің рөлі туралы жаһандық зерттеу жүргіздік. Бұл жұмыстың нәтижелерін біз ТМД елдерінің онкологтары мен радиологтарының Х съезінде көрсеттік, онда бізді жоғары бағалап, үздік жас ғалымдар деп таныды. Қазақстанда тәжірибе алмасу үшін шетелге шығуға мүмкіндік қарастырылған, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, біз шетелдік әріптестерден үйреніп қана қоймай, өз тәжірибемізбен де бөлісеміз. Біз өз зерттеулеріміз бен оталарымызды жоғары деңгейде жасаймыз. Сондықтан мен «Болашақ» бағдарламасына өте ризамын».

 

«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамытова өзінің «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүріп өткен  еңбек жолы туралы айтып, Қазақстанның қазіргі жастары үшін оның ерекше құндылығын атап өтті: «Болашақ» стипендиясы Қазақстанның халықаралық бренді саналады. 1997 жылы осы бағдарламаның арқасында мен Ұлыбританияға «Халықаралық қатынастар экономикасы» мамандығы бойынша оқуға бардым. Менімен бірге «Болашақ» стипендиясын алғандар білімнің құндылығын жақсы түсінеді, өйткені сол кезде, 90-шы жылдары елдің мүмкіндіктері мен ресурстары өте шектеулі болатын. Осыған қарамастан, Елбасы бұл бастаманы жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Қазір Қазақстан –қуатты мемлекет, сондықтан жастарымыз халық игілігі үшін тек үздік білім алуға ұмтылуы тиіс».

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ақмолалық филиалының директоры Белла Газдиева, Назарбаев Университетінің инновацияларды дамыту департаментінің аға менеджері Дәмелі Мектепбаева, BI Group Жобалау басқармасы департаментінің су тарту және сумен қамту жетекші инженері Ирина Мун өз жетістіктері мен бағындырған белестері туралы әңгімеледі.

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен  мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жатқан студенттер және қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білімгерлері интернет желісі арқылы байланысқа шықты.