БОЛАШАҚ ҚАРЖЫГЕРЛЕР – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА

Бүгін елордадағы Қаржы академиясы колледжінің бір топ студенттері Елбасы кітапханасына келді. Қазіргі таңда мыңға жуық болашақ қаржыгер мамандарын даярлайтын оқу ордасының жас білімгерлері кітапхананы аралап, экскурсия жасады.

Экскурсия барысында студенттер  экспозицияларда ұсынылған тарихи, мәдени материалдар мен архив құжаттарымен және Елбасыға шет мемлекеттерден тарту етілген сыйлықтар мен жоғарғы марапаттар топтамасымен танысты. Сондай-ақ білімгерлер еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмір жолына ерекше назар аударып, мол мағлұмат алды.

Еліміздің Батыс өңірінен келіп, бас қалада білім нәрімен сусындап жүрген Қаржы академиясы колледжінің 1 курс студенті Іңкәр Мерген кітапханадағы көз жауын алатын кітаптарға қызыққанын айтты.

«Бала кезден кітапқұмар боп өскендіктен шығар, қайда барсам да кітап іздеп жүремін. Бүгін де Елбасы кітапханасына келіп, осындағы құнды қазыналарға қатты қызықтым. Әсіресе, Елбасыға қарымды қаламгерлердің қолтаңбасымен сыйлаған кітаптар ерекше әсер етті. Өзім жата-жастана оқыған ақын-жазушыларымыздың қолымен жазылған Елбасыға деген ақжарма тілектерін рахаттана оқып шықтым. Алдағы уақытта асықпай келіп, кітапхана қорындағы құнды қазыналармен тереңінен танысатын боламын».

Қаржы академиясы колледжінің оқытушысы Алма Әбілхасенова Елбасының саяси көшбасшылық жетістіктері мен мемлекетті басқарудағы рөлін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – жалпыға ортақ іс екенін атап өтті.

– Бүгін студенттерімізді Елбасы кітапханасына арнайы алып келдік. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазақ халқы көптен аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, қазіргі таңда бүкіл әлем таныған елге айналды. Елбасының салған сара жолын еліміздің болашағы саналатын жастар толыққанды білуі тиіс деп ойлаймын. Ол үшін, біз, аға буын өкілдері,  жастарға  жол нұсқауымыз керек,-деді Алма Сағиқызы.