БОЛАШАҚ ЕЛ ҚОРҒАУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КӨШПЕЛІ ДӘРІС ОҚЫЛДЫ

Үстіміздегі жылдың 13 қазанында Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнің генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы Республикалық «Жас Ұлан» мектебі оқушыларына көшпелі дәріс жүргізілді. «Рухани жаңғыру – жастарға жарқын жол» тақырыбында өткен дәрісті Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Ақбота Хамитова оқыды.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылай отырып, оның басты мәселелерін ілгерілету үдерісіне жастарды белсенді тарту мақсатын көздеген дәріске 300 адам қатысты. Олардың қатарында офицер-оқытушылар құрамы және 10–11 сынып оқушылары болды.

Ақбота Камойқызы мектеп бастығы, генерал-лейтенант Құрбан Қаражановты Елбасы кітапханасының қызметімен таныстырып, жастар қауымына бағытталған мекеменің жобалары мен іс-шаралары жөнінде баяндады. Дәріскер мемлекеттік идеологияның әскери қызметкерлерді тәрбиелеу мен моральдық-психологиялық дайындаудың негізі екенін атап өтті.

«Жас ұлан» республикалық мектебі бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы, подполковник Амантай Жарбосынов шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі.

Болашақ әскери қызметкерлер дәрісті бар зейінмен тыңдап, дәріс соңында қойған сұрақтарына толыққанды жауап алды.

11 сынып оқушысы С. Әділбайұлы М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңін оқып, дәріскерге жастар атынан алғыс білдірді.