БОЛАШАҚ ДӘРІГЕРЛЕР ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛІМЕН ТАНЫСТЫ

Үстіміздегі жылдың 22 ақпанында Астана медицина университетінің студенттеріне «Қазақстан Республикасының Президенті және ұлтаралық келісім» дәрісі өтті.

Тәуелсіздікке қол жеткізген 27 жыл ішінде ұлтаралық татулық пен келісім Қазақстанның саяси брендіне айналды. Жыл сайын елімізде толеранттылықтың рухы нығая түсті, ал көпұлтты қоғамымызда түрлі ұлттар мен ұлыстардың татулықта өмір сүруі қалыптаса бастады.

Дәріскер Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова ел дамуының ең басты факторы саяси тұрақтылықтың кепіліне айналған республикадағы ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісім бағдары екенін айтып өтті. Қазіргі таңда қазақстандық тәжірибені қолға алып, зерттей бастады. Ұлтаралық татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісі тұрақтылықты күшейтіп, экономикалық өсімге қажетті жағдай жасауға, әлемдік деңгейде еліміздің беделін асқақтатуға мүмкіндік берді. Әрине, мұның бәрі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі екені даусыз.

Ұлтаралық қатынастарды үйлестіру саласындағы Қазахстанның үлгісі көптеген елдерге өзекті болып отыр. Н. Ә. Назарбаев үлгісі деген атқа ие болған ұлтаралық келісім саласындағы қоғамдық институттардың жұмысын халықаралық қауымдастықтар жоғары бағалауда.

Сабақта Елбасы кітапханасының Музейі қорындағы жәдігерлерге ерекше көңіл бөлінді. Студенттердің назарына түрлі дін конфессия өкілдерінің Мемлекет басшысына тарту еткен марапаттары ұсынылды.

Дәрістен соң Астана медицина университетінің студенттері қозғалған мәселенің өзектілігіне орай дәріскерге алғыстарын білдірді.

Екінші курс студенті Ералы Ерғазиев:

– Біз қазір полиэтникалық қоғамда өмір сүретіндіктен ұлтаралық бірлік тақырыбы кез келген қазақстандықты ойландыратыны белгілі. Дәріскердің ұлтаралық келісім тақырыбынан кейін «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының бағыттарына тоқталуы заңдылық деп ойлаймын. Мені бүгінгі таңдағы тілдердің даму мәселелері қатты қызықтырды. Осыншалықты тілдердің жойылып кетуге жақын екенін тіпті білмеппін. Өте қызықты болды!

Екінші курс студенті Дархан Мамырбеков:

– Дәріс өте қызықты әрі танымды өтті. Дәріскердің аудиториямен тығыз байланысын ерекше айтқым келеді. Студенттерге көптеген сұрақтар қойылып, мәселелер талқыланды. Дәріскер мен студенттер арасында ерекше бір байланыс орнады. Дәріскердің кейбір мысалдары үлкен әсер қалдырды. Әсіресе, заманауи қоғамда ұлтшылдық белгілерінің байқалуы біздің назарымыздан тыс қалмады. Ұйымдастырушыларға көп рахмет!