«BІZ BІRGEMIZ». ВОЛОНТЕРЛЕРДІҢ ОНЛАЙН ФОРМАТТА КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Волонтер жылының жабылуына арналған «Bіz bіrgemiz» онлайн-дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шараға Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова, Нұр-Сұлтан қалалық «Астана жастары» ұйымының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенттері және волонтерлер қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланған болатын. Жалпыұлттық жоба аясында ел аумағында волонтерлік қызметті қолдау орталықтары құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Ел дамуының стратегиясын жүзеге асыруда жас ұрпақты патриотизмге және әлеуметтік белсенділікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова ашып, сөз сөйледі:

«Елбасы кітапханасының әлеуметтік және білім беру жобаларының басым көпшілігі жастарға арналады. Бейбітшілік, келісім мен әділеттілік – халқымыздың рухани мәдениетінің негізін құрайды. Елбасы Қазақстанның даму жолын қалыптастыруда осы негізді ұстанды. Кітапхана волонтерлері мектеп оқушыларына арналған педагогикалық «волонтерлік сағаттар» арқылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың идеялары және бастамаларымен таныстырады. Мұның бәрі елдің болашағы мен жас ұрпақ үшін жасалып отыр».

Дөңгелек үстел барысында волонтерлер әлеуметтік-білім беру еріктілік жобаларындағы тәжірибелерімен және өз жетістіктерімен бөлісті.

 «Волонтер әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге күш салады. Әлемнің көптеген елдерінде волонтер азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді. Жылдан-жылға Тұңғыш Президент кітапханасының волонтерлер саны артып келеді. Олар – әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысатын астаналық жоғары оқу орындарының үздік студенттері. Біздің миссиямыз – барлық жастарға табысқа жетудің жолын ашу және Қазақстанның өткенін бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын табысты азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру», -деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының волонтері Ұласқан Айшуақ.

 «Еуропада және АҚШ-та кеңінен таралған еріктілер қозғалысы қазіргі кезде Қазақстанда әлемдік тәжірибеге ғана емес, сонымен қатар отандық еріктілік пен қайырымдылық дәстүрлеріне сүйеніп дамып келеді. Еріктілік педагогикалық мақсаттарға жетуге бағытталуы және балалар мен жастарды тәрбиелеудің маңызды факторына айналуы мүмкін», – деп Елбасы кітапханасының тағы бір волонтері Әнуар Жұмабеков  әлемдік тәжірибедегі педагогикалық волонтерлық үрдіс туралы тарқатып айтты.