«Біз білетін Елбасы» үштомдығының таңдамалы әңгімелерін таныстыруда жобамыздың төртінші шығарылымы Тұңғыш Президенттің топтастары, әріптестері жазған естеліктерді қамтиды.
Аталмыш бөлімге Қ.Омашев, Т.Сүлейменов, Қ.Сәрекенов, В.Никонов, М.Тәтімов, Е.Төлеубаев, А.Әбдірахманов, С.Ибрагимов, М.Қыстаубаев, И.Орабаев, Т.Спаев, А.Жүнісов, Т.Адам-Юсупов, В.Колбаса, Ш.Жүкішев, Н.Вахитова, Т.Ысқақов, В.Стринжа, Ғ.Бибатырова сынды азаматтардың жазбалары кірген. Олардың бірі, инженер-металлург, Елбасының топтасы әрі әріптесі Қуаныш Омашев жас күнінде Елбасының әрдайым алдыңғы қатарда жүргенін жазады:
– Институтта құрыш балқытушы, болат балқытушы мамандықтары бойынша оқытатын бөлімшелер қысқарып, бізді бір мамандыққа – түсті және қара металл құю тобына бөлді. Сөйтіп, біз ЛП-62-1 тобында Нұрекеңмен бірге оқыдық. Өзім сияқты оқуды қазақша бітірген жастарға тарих, философия пәндерін оқу қиындау болды, ал Нұрекең болса техникалық білім болсын, тарих, философия болсын бәрін бірдей жақсы оқыды. Ұқыптылығы мен сауаттылығы соншалық, тіпті, жазуы да өте көркем болушы еді. Әдемі жазудың көркі әлі күнге дейін сақталып қалғанын бәріміз де көріп жүрміз, - дейді ол.
Өзінің естелігінде Қуаныш Омашұлы 1963 жылдың жазында металлургия факультетінен екі жүздей студенттің Қарағанды облысының Нұра ауданында орналасқан Балықтыкөл деген жерге жұмысқа жіберілгенін жазады:
– Ауылға барып, қымызға бір тоямыз ғой деп қуанып қалдық, сөйтсек совхоз дегеніміз мидай дала, бірде-бір үй жоқ екен. Келісімен шатыр тігіп, болашақ совхозға арнап, он алты үй (екі пәтерлік) сала бастадық. Бір жұма өткеннен кейін құрылысқа қажет заттар, цемент, кірпіш т.б. таусылып, жұмысымыз тоқтап қалды. Отрядтың бастығы жігерсіз, басқару жұмысы қолынан келмейтін, керек затты совхоз, аудан, облыс басшыларынан көмек сұрап, тауып беретін қауқары болмағандықтан, тез арада комсомол жиынын ұйымдастырып, бастықты орнынан алып, оның орнына отряд командирі етіп Нұрсұлтанды сайлап алдық. Бір-екі жұмада совхозға жүк тиеген «Татра» машиналары ағыла бастады, су жаңа машиналар. Жұмысымыз алға басты,
арасында кешке Нұрекең совхоз басшыларынан сұрап, «жігіттер атқа мінсін» деп отрядқа жылқылар әкелдіретін. Атқа мініп, тақым қағып мәз болатын едік. Сол совхоздағы он алты үйді уақытынан бұрын салып бітіріп, Нұрекеңнің пәрменінің арқасында Теміртауға абыроймен қайтқанымыз бар, - деп ой бөліседі.
Қуаныш Омашев Елбасының жүрегі үлкен, бауырмал, теңдесі жоқ зор азамат екенін жаза келе, ол кісімен бірге өмір сүруді, дәмдес, аралас-құралас болуды барлық таныстарының мақтаныш ететінін белгілейді:
– Ол кісінің теңдесі жоқ ойшыл, мемлекет және қоғам қайраткері екендігі туралы әңгіме бөлек. Тегі қазақ халқы, қазақ мемлекеті азаматтарының атынан айтар болсам, біз Нұрекеңе қайтарымы жоқ қарыздармыз дер едім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

