БІЗ БІЛЕТІН ЕЛБАСЫ: ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

Елбасы кітапханасының жинақтары оқырмандарды жаңа түсімдермен таныстыруды жалғастырады. Оның кезекті шығарылымы «Біз білетін Елбасы» үштомдығына арналады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің баспаға ұсынған еңбегі Н.Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен еңбек жолын, егемендікті қалыптастыру мен дамытудағы тарихи рөлін анықтау мақсатында жүргізілген ізденістердің нәтижесінде іріктелініп, таңдамалы әңгімелердің жинағы ретінде оқырманға жол тартты.

Басылымның бірінші кітабы Елбасының замандастарынан алынған сұхбаттар мен олардың естеліктерін, «Мирас» журналының материалдарын, Елбасы кітапханасы архивінің фотосуреттері мен саналуан деректерін қамтиды. Оның беттерінде Тұңғыш Президенттің бала кезі мен жастық шағынан соңғы онжылдыққа дейінгі өмірі келтірілген. Әр кезеңнің куәгері атанған Елбасының ұстаздары, сыныптастары мен курстастары, жерлестері мен замандастары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұңғыш Президенттің шәкірт, жолдас, дос, тұлға ретінде қалай танығанын айтып, тұлғаның бейнесін түрлі қырдан ашады.

Қызықты ойлары мен орынды пікірлерін, маңызды мәліметке толы мазмұнды естеліктерін оқырманмен бөліскен ұстаздардың бірі және біріншісі – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұстазы, соғыс және еңбек ардагері Сейітхан Исаев:

– Нұрсұлтан – мінезі ұстамды, білімге құштар, ынталы, алғыр оқушы. Мектеп өміріндегі қоғамдық істерге белсене қатысатын, ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленетін оның сөзі мен ісі замандастарының арасында үлкен құрметке ие болатын. Бізге алғаш келген күні ортасынан жатырқамай,  айналасымен бірден араласып кеткен Нұрсұлтанның көпшіл қасиеті мұғалімдер қауымының назары мен ықыласын өзіне аудартқан-ды. Ол тұста мен мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары едім. Оң қасиеттерімен көпті сүйсіндірген Нұрсұлтан оқушылар тарапынан комсомол комитетінің жетекшісі етіп сайланып, ұйымның жұмысын тез игеріп шыққанын бәріміз көрдік. Ол оқу озаттары мен тәртіпті оқушыларды комсомол қатарына тартып, ұйым мүшелерінің санын арттырып қана қоймай, жоғары сынып комсомолдарының санымен білім сапасын көтеруге, оқу-тәрбие жұмысының жақсаруына ықпалын тигізді. Соның арқасында комсомол ұйымы әп сәтте-ақ оқытушылар ұжымының тірегіне айналып шықты. Сабақ пен мектептен тыс жұмыстарды қолға алып, музыка, би, спорт үйірмелерін жандандырды. Оқушылар қазақша күреспен айналысып, шаңғы тебу жарыстарына, ақындар сайысына белсенді қатысты. Өнерлерін паш етуге ықпал еткен Нұрсұлтанға ата-аналар қауымы да, мектеп, аудан басшылары да үнемі ризашылығын білдіретін. Сондықтан ол маған тек сүйікті шәкіртім ғана емес, әрдайым орынды ұсынысын айтар таптырмас көмекшім атанды. Жылдар өте екеуіміз бірнеше мәрте кездестік. Сол баяғы көркем мінезді, әзілге жақын жайдары оқушымды көрген сайын кеудемнің мақтанышқа толатыны езуімнен байқалады. Жеңістің 60 жылдығында «Парасат» орденімен марапатталған сәттен естелік суретті «Мұғаліміме жіберерсіңдер» деп тапсырыпты. Маған білдірген алғысының белгісін көріп қатты риза болдым. Ол – мен үшін өте бағалы сурет, - дейді Сейітхан Ахметұлы.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, оқушы күнінде Елбасы қасиеттерін нығайтып, онымен қатар бір қатар оқушыны адами құндылықтарға баулыған қария Қарасай ауданы мен Қаскелең қаласының құрметті азаматы, жергілікті ардагерлер кеңесінің құрметті төрағасы болып келді. Елбасы 102 жасында қайтқан Сейітхан Исаевқа көз жұмғанша құрмет танытып, ол кісінің ықпалын, еңбегіне ризашылығын әлі де айтады.

Осыған ұқсас көптеген қызықты естеліктерді үштомдықтың электронды каталогымызда сақтаулы нұсқасынан да оқуға болады.

Кітап оқушылар мен студенттер, ұстаздар, музей, кітапхана қызметкерлері, зерттеушілер мен қалың оқырман қауымына арналады.