«Біз білетін Елбасы» үштомдығының таңдамалы әңгімелерін таныстыруда Тұңғыш Президенттің ұстазы, соғыс және еңбек ардагері Сейітхан Исаев пен бала күнінде бірге оқыған сыныптасы, жазушы Сәдуақас Есімбайдың естелігіне келтірген болатынбыз. Бұл ретте шығарылымның кезекті тақырыбы Н.Ә. Назарбаевтың жерлестері бөліскен естеліктерді қамтымақ.
– Мен Нұрсұлтанмен алғаш рет 1958 жылы таныстым. Ол кезде Қаскелең ауданында газет редакторы болып қызмет етуші едім. Бір күні аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы телефон соғып, Қытай Халық Республикасынан келген хатты БЛКЖО Орталық комитетінің Қаскелеңге жолдағанын хабарлады. «Авторға жауап беруіңізді сұраймыз» делінген жолдамадағы хат қытай тілінің әдемі иероглифімен жазылған. Мұнда оны оқи алатын ешкім жоқ. Көмек іздеп «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына бардым. Ақас Садықов есімді кісі хатты зуылдап оқып шықты да: «Қолыңа қағаз, қаламыңды ал, мен айтып отырамын, сен жаз», - деді. Ақаңмен бес-алты минутта жазған аудармаға қарап, хатты Чжоу Бай Сяо есімді қытайдың жас мұғалімі жазғанын анықтадық, - деп бастайды Ұлы Отан соғысының ардагері Үсенбай Тастанбеков.
Ауылына майданнан екі аяғын бірдей жаралап қайтқан ардагер сырқатынан айыққан соң туған ауылында «Коммунизм үшін», «За коммунизм» атты қос газеттің редакторы болып қызмет атқарады. Дәл осы газеттердің бетіне журналист ҚХР азаматы жазған хаттың аудармасын басып шығарады:
«...Ұлы Кеңес халқы мен Коммунистік партияны Қазан төңкерісінің 40 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Мен мектеп табалдырығын кеше аттап, бүгін халық мұғалімі деген абыройлы қызметке орналасқан комсомолмын.
Кеңес одағымен танысуға жастайымнан құмармын. Кеңес одағының комсомолымен байланыс орнатуды әлі де аңсаймын. Бірақ бұл арманым осы күнге дейін орындалмай келеді. Сол себепті БЛКЖО Орталық комитетіндегі жолдастардан маған дос тауып беруін сұраймын. ...Хатыммен бірге таяуда түскен суретім мен Янцзы өзеніндегі көпірдің суретін жібердім. Оларды досыма табыс етулеріңізді сұраймын. ...Тіліміз бен әдет-ғұрпымыз әртүрлі болса да, ортақ достық ниетіміз басымызды қоса алады. Таза ниетке негізделген достықты ешқандай күш бұза алмайды. ...Қытай мен Кеңес халықтарының мызғымас достығы жасасын! Сіздерге денсаулық тілеймін!».
– Қытай азаматына жауап жазатын адамды бүкіл ауданнан Комсомол комитетімен бірге іздедік. Жұмыс істеп жүрген жастардан ешкім табылмады. Сонда оқу бөлімінің адамдары Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектептің жоғары сыныбында оқитын белсенді, ұйымшыл оқу озатын атады. Есімі Нұрсұлтан Назарбаев екен. Оны редакцияға дереу шақырдық. Көп ұзамай орта бойлы, мығым денелі, қою қара шашты, аққұба, сымбатты жігіт келді. Өзінің көзі өткір, қысылып-қымтырылмай батыл сөйлейтін адам екен. Сұрақтарымызға іркілмей еркін жауап берді. Қытай жігіті Чжоу Бай Сяоның хатын көрсетіп, «Бұл хатқа жауап жазасың ба?» деп сұрадық. Нұрсұлтан мұқият оқып шығып, жауап жазуға бірден кірісті. Екі хатты да газет беттеріне жариялаған болатынбыз. Болашақ Президентпен таныстығым осылай өтті, - дейді Үсенбай Бақтиярұлы.
ҚХР азаматына берген жауабында Нұрсұлтан Назарбаев мүдделесімен хат жазысып, достық қарым-қатынас құруға ниетін білдіреді. Ол Чжоу Бай Сяо мырзаның Кеңес Одағымен жете танысуға негізделген арманын жүзеге асыруға қолынан келгенше көмектесуге даяр екенін жазады. Хаттың жауабы кешіккеніне себепкер емес екенін түсіндірген Елбасы досынан кешірім сұрап, өзі туралы қысқаша мәлімет береді:
– Мен Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алматы облысы Қаскелең ауданы Қаскелең селосы Абай атындағы орта мектебінің 10-сыныбында оқимын. Бірінші сыныптан бастап оқу озаты болып келемін. 1956 жылдан бері комсомол қатарындамын. Әке-шешем Ворошилов атындағы Қаскелең ауданы колхозының мүшелері. Социализм орнату жолында орасан зор табыстарға жетіп отырған Ұлы Қытай халқының комсомол жастарымен тығыз байланыс жасап, жете танысу әрқайсымыз үшін үлкен абырой. Бұл мүмкіндіктің жеке басымның үлесіне тиіп отырғанына шексіз қуанышты екенімді тағы да қайталап айтамын. Советтік Отанымыздың жастары, сүйікті коммунистік партияның зор қамқорлығын ескере отырып, әр уақытта өз Отанына пайда келтіруге тырысады. Ал мен орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарының біріне түсіп, келешекте коммунизмнің сапалы құрылысшыларының бірі болсам деп ойлаймын. Сізге көп сұрақ қойғым келеді, бірақ оның бәрін бір хатқа сыйдыру мүмкін емес. Бұл хатым танысу хаты болсын. Сұрақтарымызды бір-бірімізге келесі хатта қойып, жауап алмасуға мүмкіндігіміз бар деп сенемін. Бұл хатымды осымен аяқтаймын, - деп жазады ол.
Үсенбай Тастанбековтың сөзінше, арада он жылдан астам уақыт өткен соң Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет ететіні анықталады:
– Бір күні мектептес досым Қаматай Сапарғалиев ұзақ уақыт көрмеген туысқандарын сағынып туған жеріне барады. Қарағандыда ол облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі. Сәлемдесуге келген қонақтарды Нұрсұлтан құшақ жая қарсы алып, жағдайын әбден сұрап, зор ілтипат көрсетеді. Себебі, Қаматай Шамалғанда (қазіргі Үшқоңыр) мұғалім болып істеп жүргенде Нұрсұлтанның ұстазы болған. Қаматайды да, жұбайы Айсұлуды да жақсы танитын Нұрсұлтан оларға қала сыртындағы туыстарына барар көлік тауып береді. Нұрсұлтанның көлігімен барлық туысқандарын аралап, туған жұртымен амандасып қайтқанын Қаматай қызықтырып айтып берген еді. Мұның бәрі Нұрсұлтанның адамға жақсылық жасауға ынтызар екенін білдіріп, бойындағы ақкөңілдігі мен мейірімділігін көрсетеді, - дейді Ү.Тастанбеков, – 1993 жылы Қаскелеңге келген Нұрсұлтан Әбішұлы өзі оқыған Абай атындағы қазақ орта мектебінің сахнасына шығып, залда отырғандарға көз жүгіртті. Көргендердің арасынан ол сыныптастарын түгел атап шығып, «Аман-есенсіңдер ме, денсаулықтарың жақсы ма?» деп амандасты. Мұғалімдері Әсет Асқаров, Николай Шлыков сияқты азаматтарға, сүйікті ұстазы Сейітхан Исаевқа ыстық лебізі мен зор ілтипатын білдірді. Есте сақтау қабілеті мықты Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қасиеті әр адамның еңбегін бағалап, лайықты құрмет білдіруіне деген құштарлығын айқындай түсті, - деп автор естелігін аяқтайды.