БІЗ БІЛЕТІН ЕЛБАСЫ: КЕМЕЛ ТҰЛҒА

Жалғасы.Басы: presidentlibrary.kz

«Біз білетін Елбасы» жобасының сегізінші шығарылымы үш томдықтың соңғы бөліміне арналады. Таңдамалы әңгімелерді қамтитын тарауға Николай Акуев, Ақмарал Арыстанбекова, Қадыр Байкенов, Фарит Галимов, Мадина Ғабдісәлімова, Сұлтан Жиенбаев, Болат Жанәділов, Қайрат Ищанов, Ұзақбай Қараманов, Кенжеғали Сағадиев, Қайырбек Сүлейменов, Олжас Сүлейменов, Зинаида Федотова, Равиль Чердабаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естеліктері кірген.

Әр адамның ғұмыры жазылмаған кітап, ұлан-ғайыр еліміздің алып дүниеге аздаған үлесін қосқан, бүлкілдеп соққан кішкентай бір тамырдай дүние екендігі даусыз.

– Өткен өмір сарқырап аққан өзен іспетті. Бұрқ-сарқ қайнаған тұсы да, жаймашуақ өрісі де бар. Қазіргі күні жеткен биігімнен ылдиға, яки, өзім ғұмыр кешкен, куә болған дәуір тынысын санамен салмақтап, ойға алатыным бар. Асылында әрбір адам сөйтетін болар. Сол сәтте көкірегіңді қоламтаның шоғындай қыздыратын естен кетпес естелік жадыңа оралады. Жеке басымның ғана емес, жалпақ жұрттың қамы, тыныс-тіршілігі. Тәуелсіздік. Осы бір жалғыз ауыз сөзде адам бойына қуат беріп, алпыс екі тамырын үдей соқтыратын ерекше қасиет бар. «Тәуелсіздік бізге қалай келіп еді?», «Ат жалын тартып мінген азаматтар сол тәуелсіздіктің тұғырын бекем етуге қаншалықты еңбек сіңіріп еді?», «Елді ұлы істерге ұйытып, жалпақ жұртты жақсылыққа кім бастап еді?» дейтін сауалдар да ойланған сәтте санаға оралады. Бұл тақырыпта сөз қозғағанда, Тұңғыш Президентіміздің көрегендігі мен кемеңгерлігі таң қалдыратыны бар. Әлі есімде, мен ол кезде Көкшетау облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты едім. Негізгі салаларым – денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік-тұрмыстық жай және идеология, - деп естелігін қоғам қайраткері Болат Сүлейменұлы бастайды. – Алғаш кездескенде Елбасының нық қадамы мен салмақты сөзі, әр сөзді екшеп, орынды айта білетіндігі тәнті етті. Оның үстіне халықтың қалаулысы болған адамның әр сөзіне жұртты иландырып, әрбір жүректе келер күнге деген үміт отын үлбіретіп, алаулатып тұтата алатын қабілеті болуы керек шығар. Мұндай қасиет дәл сол бір Кеңес Одағы ыдырап, жетпіс жыл бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар күйреп, ел ішін жұмыссыздық жайлаған, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлей алмай, халықтың күйзелген кезінде керек еді. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей тойып ас ішпеген, болашағын бұлыңғыр санаған, тіпті, тіршіліктен түңіліп кетуге аз-ақ қалған қалың жұртты жарқын болашаққа сендіру шынын айтқанда, өте қиын шаруа. Өйткені, елдің көбі жазғырғанымыз емес, жаратылыстың заңы шығар, бүгінгі күнмен өмір сүреді емес пе? Бүгінгі күннің болмысынан аза бойы қаза болып жатса, қолына қарманар талшығы түспесе, ертеңнің елесіне еліте қояр ма екен? Өтпелі кезең өтпелі дей тұрғанымен, өтіп кетуі оңай болған жоқ. Ішкі өкпе-ренішке, сыртқы қату қабаққа, кейбір ашкөздікке бойындағы бар қабілет-дарынын, ерік-жігерін қарсы қоя білген Елбасы тәй-тәй басқан балаң тәуелсіздікті қайрат-қарымы қаптал, қажыры басым жігіттік жасқа жеткізді-ау...

Ал Мадина Ғабдісәлімқызы есімді мемлекет қайраткері Елбасының  қарапайымдылығы мен кішіпейілдігіне тоқталады:

– 1994 жылы менің жолдасым өмірден озды. 1995 жылдың наурыз айында біз Атырау облысы атынан Жамбыл қаласындағы Әйелдер форумына қатыстық. Қыз-келіншектеріміз ала қапшық арқалап, базар кезіп кеткен кез ғой. Жамбылдағы форум жақсы өтті. Н.Ә. Назарбаев сол жиынға қатысып баяндама жасады. Сөйлеген сөзінде қиыншылықтың барлығы уақытша екенін, уақытша қиыншылықты біз тек қана бірлікпенен жеңетінімізді айтты. Сол қиыншылықтарды жеңуде аналардың, қыз-келіншектердің қолынан көп нәрсе келетіндігін басып, батырып айтты. Президент жанынан әйелдер комиссиясының комитетін құрайын деп ұйғарып отырмын деді. 1996 жылдардан бастап ұлттық комиссия құрылды. Біз – соның куәгеріміз. Осы істің өзі де – көрегендік. «Мен сіздерге сенемін, сіздердің қолдарыңыздан бәрі келеді» деп, әйелдерге деген сенімін білдірді. Арасында әйел азаматшалардың көңілдерін көтеріп «между нами девочками», – деп әзілін де айтып жатты. Басшының бойында көрегендік те, талапшылдық та, орнымен әзіл айта білетін жайдарылық та барлығы табылуы керек. Елбасымыз – бір сөзбен айқанда сондай сегіз қырлы бір сырлы азамат. Сол жиынның үзілісі кезінде Елбасымыздың мені іздеп жатқаны туралы хабар алдым. Сол кездерде жиынға қатысқан И.Тасмағамбетов менің жұбайымның өмірден озғаны туралы айтқан болуы керек. Ести сала Нұрсұлтан Әбішұлы отырған бөлмеге бардым. Сол жерде ол кісі мені өзінің жанына шақырып, маған көңіл айтты. «Өмірдің заңы осылай, кімнің басына келмеген жағдай, бекем болыңыз», – деп маған басу сөздер айтты. «Жұмысыңды әрі қарай жасай бер» деп тілек білдірді. Елбасының сол адамгершілік ісін мен ешқашан ұмытпаймын. 2000-шы жылдардың басында Меккеге барған ол кісіге Қағбаға кіріп шыққан кезде тілшілер ме, әйтеуір жанында тұрған бір адам: «Қандай ойдасыз? Қағбаға кіргенде не тіледіңіз?» деп сұрақ қойыпты. Елбасымыз: «Менің тілегім – елімнің бірлігі. Елімнің жұрт қызыға қарайтындай көркейгенін көрсем екен. Халқым соны көрсе екен. Менің тілегенім сол!» депті. Мінеки, сол тілегі Алланың қолдауымен жүзеге асты деп ойлаймын. Еліміздің бүгінде бірлік пен тірлік жасап жатуы – сол тілектің қабыл болғанының айғағы, - дейді ол.