Жалғасы.Басы: presidentlibrary.kz
Елбасының өмірбаяны мен еңбек жолына қатысты таңдамалы әңгімелердің жинағын таныстыруда Тұңғыш Президенттің ұстазы, соғыс және еңбек ардагері Сейітхан Исаевтың естелігіне тоқталған болатынбыз.
«Біз білетін Елбасы» үштомдығына арналған шығарылымның кезекті тақырыбы Н.Ә. Назарбаевтың бала күнінде бірге оқыған сыныптастарының естеліктерін қамтиды.
Олардың бірі Сәдуақас Есімбай «Жеріне лайық елі туады, еліне лайық ері туады» демекші, жер жәннаты атанған Жетісудың Теріскей Алатауындағы Үшқоңырда Шапырашты Қарасайдың ұрпағы Әбіштің шаңырағында Нұрсұлтанның дүниеге келуін тарихи заңдылық» санайды.
– Сұлтанды еңбекке жас кезінен үйреткен әкесі Әбіш ақсақал еді. Әкесінен еңбексүйгіштікті, табандылықты, өткірлікті, шындықты үйреніп, тәлім-тәрбие алды десем ағаттық болмас. Ағайынның, көршілердің, туыстардың арасында орынды жерінде ақылын айтып, әзіл-қалжыңын жарастырып, жан-жағын мейірім шуағымен нұрландырып, өз ортасының гүлі болған үлкен жүректі Әлжан анасының тұңғышы Сұлтанға берген үлгі-өнегесі, тәрбиесі дариядай кең, заңғар таудай биік еді, - дейді автор.
Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге ол 1948 жылы Шамалғандағы Д.Фурманов атындағы орта мектептің табалдырығын бірге аттаған екен. Алғашқы кездесуін Сәдуақас Омарұлы «Алдыңғы партаға маған қарағанда бойы сұңғақтау, өткір көзді, аққұбаша келген үстіндегі киімдері өзіне өлшеп тіккендей жарасып тұрған баламен бірге отырдым. Таныстық, есімі Нұрсұлтан екен. Содан мектеп бітіргенше жұбымыз жазылмады. Шамалғандағы мектепте тоғыз жыл оқып, оныншы сыныпты Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте бірге жалғастырдық», - деп еске алады.
Өз естелігінде ол Елбасының жастайынан кітапқа деген құштарлығын сипаттай келе, қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен өмірден орын алып жатқан құбылыстарды бірден аңғарып отыратынын, білім іздеген ұмтылысының орта мектепті үздік бітіріп, медальға ұсынылуына себеп болғанын жазады. Тұңғыш Президенттің бойындағы қасиеттерді сипаттай келе ол көптің көңілінен шыққан әзілқой, ақкөңіл болмысын ерекше белгілейді:
– Реті келгенде Сұлтан әзіл-қалжыңның да түбін түсіретін. Оның жамағайыны болып келетін сыныптасымыз, бізден екі жас үлкен Нүсіпханның кейбір жөнсіз қылықтарын (темекі тарту, төбелеске жақын болу, т.б.) әзіл-сықаққа, қалжыңға айналдырып отыратын. Өзімен бірге жүрген құрбыларының жүріс-тұрысы мен қимылдарын айнытпай салатын. Сұлтанның жанында жүріп әрқашан күлкіге қарық болатынбыз. Өзінің бір үйіріп келіп, төгіле салатын әдемі күлкісі болушы еді. Кең маңдайлы, шашы артына қайырылған ақсары баланың бой түзей бастаған қыздарға осы қылығы ұнайтын, - деп күледі.
– Нұрсұлтан Назарбаев – халық ортасынан, қарапайым ауылдан шыққан ұлттың өкілі. Сондықтан ол өз халқының тұрмысын, дәстүрін, әдет-ғұрпын ана сүтімен бойына сіңірген, ауылдағы еңбекке араласып, соғыстан кейінгі ауылдың қиын тауқыметін жастайынан көріп өскен жан. Баспасөз қызметкерлеріне берген бір сұхбатында ол: «Біреулер мені аспаннан салбырап түсе қалды деп ойлайтын шығар. Президент болсам да бүйрегім туған жерге бұрып тұрады. Мен көрген тіршілік әлі өзгере қойған жоқ. Сондықтан өмір көріп өскенімді жасыра алмаймын. Сиырды да бұзаулаттық, биенің құлындағанын да көзімізбен көрдік. Бала қолымызбен де шөпті шаптық. Менімен қатар өскендердің бала күні қос қолдың күшімен өткен жоқ па?» деген еді. Өзінің көптеген құрдастары секілді Сұлтанның да жастығы осылай өткені ақиқат... – деп Сәдуақас Есімбай естелігін аяқтайды.
Елбасымен қатар өскен бұл кісінің қаламынан «Үшқоңыр – алтын бесігім», «Балалық шаққа саяхат» кітаптары тамған.

