Ұлттық музыка мәдениетінің шыңына айналған «Біржан мен Сара» операсы түрік тілінде сахналанды. Оның барысы «Қазақ музыкасының қазынасы» топтамасымен жарық көрген жинақта бейнеленген. «Біржан мен Сара» деп аталатын түрік тілді басылым Елбасы кітапханасының қорын толықтырды.

Қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтің (1913-1960) 100 жылдығына орай «Біржан мен Сара» операсы тұңғыш рет 2013 жылдың қазанында Самсун қаласындағы мемлекеттік опера және балет театрында сахналанды. Туынды түркиялық тұрғындардың көңілінен бірден шығып, 2014 жылы Ыстамбұл, Бурса, Ескішехир, Анкара қалаларында көпшіліктің назарына ұсынылды. Қазақ операсына қызығушылық артып, Стамбул мен Бурса фестивалінің ұйымдастырушылары өздерінің тұсаукесерлік бағдарламаларына қосты. Лейла Геншер атындағы опера орталығының шымылдығын «Біржан мен Сара» операсы ашты. Рөлдерді отандастарымызбен қатар Түркия, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің әртістері сомдады.
Опера режиссері – Эфлатун Нейметзаде, дирижері – Толга Тавиш, хеореографы – Тұрсынбек Нұрқалиев, хормейстері – Михаил Искров. Декорация мен костюмдер Есенгелді мен Ерлан Тұяқовтар нобайларының негізінде жасалған. Бұл «TÜRKSOY» халықаралық түрік мәдениеті ұйымының ірі музыкалық-ағартушылық жобасына айналған.

2 қойылым мен 4 акттан тұратын операны «Біржан мен Сара» - түркітілдес елдердің бірлескен жұмысының нәтижесі Самсун, Ыстамбұл, Бурса, Ескішехир, Анкара қалаларының тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
«Біржан мен Сара» – көркем өнердің жауһары. «Астана Опера» театрының тұңғыш маусымы классикалық музыканың негізін қалаған Мұқан Төлебаевтың төлтума туындысымен ашылды. «Театрдың шымылдығы әйгілі композитордың «Біржан мен Сара» операсымен ашылуының мәні бар. Бұл – ұлттық өнерге зор құрмет пен ерекше ықыластың белгісі, ұлы композиторға деген халқының көңілі болып саналады», - деді«Астана Опера» театрының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы.

«TÜRKSOY» ұйымының оқырмандар назарына ұсынған кітабы қазақ операсын Түркияда сахналаудың көріністерін ұсынады. Басылым беттерін парақтап отырып, М.Төлебаевтің шығармашылығын, опералық қойылымға көрермендердің берген бағалары мен пікірлерін, ұлттық нақыштағы реквизиттер туралы анықтаманы көруге болады.