Үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында еліміздегі Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Альжабер бастаған делегация өкілдері Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Меймандар рухани орданың тарихымен танысып, экспозицияларды аралады. Олар заманауи интерактивті білім беру кешеніне асқан қызығушылық танытты. Экспозициялармен танысу кезінде Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмма, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін анимациялық электронды альбом паш етілді.

Кітапханада 8 экспозициялық аумақ бар. Еліміздің атаулы және тарихи маңызды күндеріне орай тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. Араб елінің қонақтары «Президент» экспозициясынан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке заттарын, қолжазбалары мен еңбектерін, наградаларын көрді.

Еліміздің тарихи куәгеріне айналған аса құнды жәдігерлер мен түпнұсқалық құжаттар да назардан сырт қалмады. БАӘ делегациясының өкілдері Елбасының идеялары мен бастамаларын, Мемлекет басшысының республиканы қалыптастыру мен дамытудағы рөлін, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жан-жақты суреттейтін экспозицияны зерделеді. Мекеменің басты рухани қазынасы да меймандар назарына ұсынылды. Елбасының жеке кітапханасы – Мемлекет басшысы парақтаған және жинаған сирек кездесетін жинақтармен аса құнды. Онда отандық қаламгерлермен қатар шетел әдебиеті өкілдерінің туындылары бар.
– Қазақстанның мықты және тәуелсіз мемлекетке айналуы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің есімімен тығыз байланысты. Оның Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық қарым-қатынасқа және стратегиялық әріптестікке үлесі ұшан-теңіз. Қос мемлекет арасындағы достық мәңгі жасаса деп тілейміз, - деп ойымен Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Альжабер бөлісті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов меймандарға «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын тарту етті.

Елбасы кітапханасымен танысқан делегация өкілдері рухани орданың жұмысына жоғары баға беріп, мекеме қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді.