Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің сөресі сирек кітаппен толықты. Қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының орыс тіліндегі алғашқы экземплярының бірі мұражайға қойылды.

Сирек кездесетін кітаптар музейінің мәлімдемесі бойынша, «Абай» романы ең алғаш 1945 жылы Мәскеу қаласында жарыққа шыққан. Алайда, соғыстан кейінгі экономикалық ахуалға байланысты кітап таралымы күрт қысқарып, кейіннен мүлде тоқтап қалыпты.
Елбасы кітапханасының музейіне келіп түскен «Абай» романы 1949 жылы Леонид Соболевтің редакциялауымен басып шығарылды. Дәл осы кітап сериясы бірден 20 тілге аударылып, әлемнің үздік шығармаларының қатарына қосылды.

Кітап төрт емес, екі томға бөлінген. Оның алғашқы бетінде Әуезовтің портреті бейнеленіп, астына қолтаңбасы қойылған. Ал, келесі бетінде КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен авторға бірінші дәрежелі Сталин премиясы тағайындалғаны туралы жазылған.
Елбасы кітапханасы музейі құнды жәдігерді ұлы Абайдың 175 жылдығына керемет тарту десіп, ғұламаның қазақ қоғамына келтірген орасан қызметін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Еліміз 1 жыл ішінде ұлы ойшылдың құрметіне 500-ге жуық іс-шара өткізді. Осы тұста Елбасы кітапханасы да бірталай шараның басын қайырды. Атап айтқанда, ойшыл Абайдың әдеби мұрасын насихаттауға, қазақстандық жастардың оқу мәдениеті мен әдеби талғамын қалыптастыруға, патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған «Абай оқулары» арнайы жобасын өткізді. Одан бөлек, мерейтойға орай данышпанның жаңадан жарық көрген шығармалар жинағын оқырманға ұсынды. Сондай-ақ, «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында виртуалды көрме өтті.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев хакім Абайдың ұлт тарихындағы маңызы жайлы былай деген еді: «Абай біздің жол бастаушы темірқазығымыз. Ұлы тұлғаның мұрасы елімізді адастырмайтындығы анық. Дүниенің кез келген сұрағына ойшыл бұрында-ақ жауап тауып қойды...»

Абай даналығы – қазақ халқының философиясы. Қазақ әдебиетінің атасына айналған ол ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Жұртымыздың ұлы перзентін жан-жақты зерттеп, Абай болмысын қаз қалпында жеткізген Мұхтар Әуезовтің еңбегі де бір төбе.
«Абай» романымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде толыққанды таныса аласыздар.