14-22 сәуір аралығында Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік вебинарына Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері қатысты. Соңғы екі аптадағы семинар-тренингтерге жалпы 107 тыңдаушы қатысты.

Белсенділік танытқаны үшін Арна Қорғаубек, Әнел Орозаева сынды студенттерге Алғыс хат берілсе, ең қызықты жоба үшін Әли Еміл, Даниел Ержанов және Александр Бережной мадақтама қағазымен марапатталды.
– Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен семинар-тренинг үшін алғысымды білдіргім келеді. Дәрістер мен тренингтер өте қызықты және өзекті болды. Маған тәжірибелік сабақтар, шығармашылық тапсырмалар ұнады. Сабақтың ұзағырақ болғанын қалаймын, – деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Арна Қорғаубек.
ҚазҰАУ тәрбие жұмысы бойынша ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы Назерке Қазкеева Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына да ризашылығын білдірді.
– Ақпараттар өте сауатты таңдалған, айқын мысалдар, тамаша спикерлер!Бәрі өте қызықты болды. Алдағы уақытта осындай семинарларға қуана қатысамыз. Осындай бірегей мүмкіндік үшін көп рахмет, – деді ол.