«БЕЙСЕН ЖӘНЕ БОЛМЫС» КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

2 тамызда Тұңғыш Президент кітапханасында белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Бейсен және болмыс» кітабының тұсаукесері өтті.

Бейсен Құранбек есімімен отандық телевизиясының тарихындағы тұтас бір дәуір байланысты. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы болып бастап, басқа жылдары «Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында, Қазақстан Республикасының Президент телерадиокешенінде қызмет етті. Президенттік пулға алғашқылардың бірі болып қосылды. Соңғы жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасын басқарып, өңірдің ақпараттық саясатының дамуына зор үлес қосты. Бірақ қазақ көрермені оны «Айтуға оңай» ток-шоуының, одан кейінгі «Қарекет» бағдарламасында жүргізушісі ретінде жақсы таниды. 2020 жылы 18 мамырда 49 жасында Бейсен Абайұлы дүниеден өтті.

«Отбасы хрестоматия» қоғамдық қорының кезекті басылымы «Бейсен мен болмыс» кітабы 2021 жылы жарық көрді. Бұл белгілі журналист және қоғам қайраткері Бейсен Құранбектің өмірі мен құндылықтарына экзистенциалды талдау. Кітапта Б.Құранбектің өмірінен түрлі қызықты деректер, ойлары мен көзқарастары қамтылған.

«Бейсен Құранбек сынды айтулы тұлғаның кетуі барша қазақстандықтардың қайғысына айналды. Ол өз бағдарламаларында ерекше өткір әлеуметтік мәселелерді көтеріп, қоғамды олардың шешімі туралы ойлануға талпындырды. Оның бойында жоғары кәсібилік парасаттылықпен, жан дүниесінің кеңдігімен, қарапайымдылықпен ұштасып жатты. Бейсен Абайұлына берілген қысқа мерзім – өте жарқын да абыройлы өмірдің үлгісі», – деді «Отбасы хрестоматия» қоғамдық қорына қазіргі жастар арасында дәстүрлі адами құндылықтарды насихаттау үшін алғысын білдірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Тұсаукесер барысында кітап авторы Санжар Керімбай Бейсен Құранбекпен таныстығы, кездесулері мен сұхбаттары, журналистің өмірлік философиясы мен алға қойған мақсат-мүдделеріне тоқталды. Жазушының айтуынша, шығарма Б.Құранбектің талантына табынушыларды ғана емес, өзін тануға ұмтылатын, болмыс философиясы мен логотерапия ғылымына қызығатын оқырманды да қызықтырады.