Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында 2015 жылдың 17 наурызында «Шетелдік жетекші басылымдардың электрондық ресурстары білім, ғылым және мәдениетті қолдау үшін» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинар-тренингті ұйымдастырушы – Emerald, Elsevier, Cambridge, Oxford, OECD, Springer және басқа да әлемдік баспа компанияларының жетекші дистрибьюторларының бірі «КОНЭК» компаниясы.
Шара барысында Oxford University Press баспасының ТМД және Балтық елдеріндегі аймақтық сауда менеджері Марцин Дембовский Оксфорд университеті баспасының деректер базасы және электрондық коллекциялары туралы таныстырылым өткізді.
«КОНЕК» ЖАҚ электрондық ресурстары ресейлік жазылым агенттігінің департамент директоры Елена Еронина өз сөзінде мына тақырыптарды қамтыды: «ProQuest деректерінің инновациялық базасы: жаңа платформа, жаңа ресурстар», «Араб кітабы»; «Қытайдың ұлттық білім базасы (CNKI databases)».Emerald Group Publishing Limited баспасының аймақтық менеджері Алек Игин қатысушыларға Emerald баспасының бизнес, менеджмент, экономика, қаржы, білім және кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету салаларындағы бірегей электрондық ресурстары туралы баяндады. Ал Wolters Kluwer Ovid Technology компаниясының ТМД және Балтық елдеріндегі аймақтық сауда менеджері Гжегож Просщук Кембридж университетінің электрондық ресурстары жөнінде әңгімеледі.
Семинарға қатысқан Елбасы кітапханасының, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының, «Астана» сурет галереясы кітапханасының және жоо-лар ғылыми кітапханаларының қызметкерлері шетелдік жетекші баспалар мен ақпарат жеткізушілердің электрондық мүмкіншіліктерімен таныса алды.
Қонақтарға сонымен қатар Елбасы кітапханасы қызметінің мәдени, ұйымдастырушылық, стратегиялық бағыттары таныстырылды. Олар «Әлемді өзгертетін идеялар» интерактивтік білім беру орталығын, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеке кітапханасын тамашалау мүмкіндігін иеленді.

