БАС ҚАЛАНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ТАҚЫРЫПТЫҚ КВЕСТ-ЭКСКУРСИЯЛАР ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Бүгін №54 мектеп-лицей мен №86 мектеп-гимназияның 6-7 сынып оқушылары Елбасы кітапханасының оң жағалаудағы музейінде өткен «Тәуелсіздік табыстары» квест-экскурсиясына қатысты.

Елбасы кітапханасы Экскурсия жұмысы қызметкерлерінің айтуынша, мұндай ерекше форматтағы экскурсияның негізгі мақсаты – жас буынның бойында патриоттық рух пен азаматтықты қалыптастыру, ел тәуелсіздігінің құндылығы мен жетістіктерін түсіндіру.

     

«Квест» («quest») сөзі ағылшынша «іздеу» деген мағынаны білдіреді.  Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Елбасы кітапханасы ұйымдастырған квест-экскурсиялар барысында оқушылар жәдігерлермен әрі тарихи фактілермен танысып қана қоймай, топтасып көзделген нысанды зерделеп, логикалық тапсырмаларды орындайды. Сондай-ақ қозғалыс бағытын құрып, шифрланған жауаптарды іздейді. Осылайша, жағымды эмоциялар мен қуанышты естеліктерге толы ойын түрінде өткізілетін экскурсия жасөспірімдердің көкжиегін кеңейтіп, жаңа қызығушылықтардың қалыптасуына, топтасып жұмыс жасай білуге, өзара қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді.

  

Ертең, 27 қазанда №51 мектеп-гимназиясының оқушыларына да осындай экскурсиялық квест өткізіледі.

Ең көп балл жинаған оқушылар командалары Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратына квесттің қорытынды турына қатысуға шақырылады. Квест-экскурсиялар топтамасының қорытындысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында шығарылады. Үздік және ең белсенді қатысушылар, сондай-ақ педагогтар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталатын болады.