2 ақпанда қызметкерлер елордалық №1 «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арнап балалар бойына ата-аналары мен отбасына деген сүйіспеншілік пен құрметті дарытуға, өз халқының мәдениетіне баулуға бағытталған «Менің шежірем – менің елімнің шежіресінің бір бөлігі» атты музей сабағы өтті.
Елбасы кітапханасының «Музей және балалар» (кішкентай балаларға арналған әліппе-жол көрсеткіш)» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында «Жәдігерлер сыр шертеді» сериясы бойынша танымдық музейлік онлайн-сабақ ұйымдастырылды.
Жас өрендер ойын түрінде әңгіме айту әрі тыңдау дағдыларын дамытып, сұрақтарға дұрыс және қызықты жауап берді. Сонымен қатар әртүрлі қызмет түрлері арқылы танымдық және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Балалар қазақ жауынгерлік қаруының дәстүрлі түрлерін ерекше қызығушылықпен зерттеді. Сондай-ақ сабақ барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер ұсынылды.
«Сабақ өте танымды және қызықты өтті. Балалар батыр-жауынгерлердің қазақ халқы мен елі үшін маңызы, олардың қару-жарақтары мен сауыт-саймандары туралы көп мағлұмат алды. Сондай-ақ сабақта өрендер генеалогиялық ағаш деген ұғыммен танысты.
Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың шежіре тармағын қарап, оның ата-бабасы Қарасай батыр екенін білдік. Мұндай сабақтар болашақ ұрпаққа өте керек екеніне сенімдімін, өйткені балалар өз тегін білуі тиіс. Өйткені, ата-бабаларын білген ұрпақтар болашаққа мақтанышпен қарайды. Тәрбиеленушілер өз ата-бабалары туралы біліп, өздерінің отбасылық шежірелерін жасап, топтағылармен әңгіме өрбітуге шақырылды», - деп атап өтті сабақ соңында балабақша тәрбиешісі Ирченко Алла Михайловна.


