БАЛАЛАР ӘЛЕМІНІҢ ЕЛШІСІ

Биыл қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған жазушылардың бірі Сапарғали Ысқақұлы Бегалиннің 125 жылдығы атап өтілмек.

Ол 1895 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Дегелең ауылында туған. Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы немерелері секілді Сапарғалидың да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатын ашып, өзі оқытқан.  Алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидың мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген.

Табиғатынан зерек, ұғымтал балаға оқу оқыған, білім алған өте ұнайды. Бала Сапаштың одан кейінгі білім алуына немере ағасы, сол кездегі оқымысты Ысмағұлдың ықпалы өте зор болады.  Сол жылдары Тәшкенттегі мұсылмандар медресесін бітірген Ысмағұл туған ауылына қайтып оралған болатын. Оның қаладан өзімен бірге алып келген шығыс әдебиетіне, тарихқа байланысты және бастауыш мектебіне арналған оқулықтары ауыл балаларының жаңаша сауатын ашуларына көп көмегі болды. Сол кезде-ақ, ағасы кішкене Сапаштың алғырлығына көңіл аударып, оны үнемі жанынан тастамай Қарқаралы, Семей сияқты қалаларға ертіп жүретін.  Немере ағасының көмегімен Сапарғали Фирдоусидың «Шахнамасын», Ахмет Иассаудың «Хикметімен», Сайхали мен Бақырғани өлеңдерін, «Жүсіп-Зылиқа» дастанын, «Мың бір түнді»  бас алмай, жастығы астына жастанып оқиды.   Қазан баспасынан шыққан қиссалармен, хикаялармен танысады. Оқыған сайын өзіне үздіктіретін «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Көкше» жырларын және де  көптеген  ертегілерді жаттап, жұртқа жаяды.

Осыншама өмірдегі ең бір оқшау бақытты кұндерімнің бірі деп әкем Семейден Абайдың 1909 жылғы алғашқы жинағын базарлыққа берген күнін айтар едім. Содан бері ұлы ұстазымыздың ұлағатты сөздерінен екі елі ажырап көрген емес. Менің ең үлкен ұстазым – халық, ел дәстүрі. Ал әдеби үлгі-өнегем – Абай, – дейді жазушының өзі. Алайда ағартушының кейінгі өмірі үнемі күреске, тартысқа толы болды: «Шешеміздің айтуы бойынша, салқын күздің аяғында, терістіктен ызғырықтап жел соғып, ұшқындап қар жауып тұрған суық күні дүниеге келіппін. Табиғаттың маған еншіге бергені ме, әлде жасағанның бұйрығымен болатын құбылыс па, білмеймін, әйтеуір жылда осылай, менің туған күнімде терістіктен жел ызғырықтап, ұшқындап қар жауып тұратын әдеті. Бүгін де, міне, ауа райының күрт бұзыла қалғанын көрмейсің бе. Сірә, мені қыспаққа салғысы, сынап алғысы келетін шығар. Бірақ мен де көне қоймаспын», – дейді жазушы.  Шын мәнінде солай. Алаңсыз өмір кешкен бүлдіршін шағынан кейін, ақынның жасөспірімдік шағы қараңғылық қамаған көңілсіз, жүдеу өмір қыспағында өтеді: 

Мен бала боп өскелі,

Елім боп өмір кешкелі,

Қай белесті аспадым,

Қай қиянды баспадым,

Қай азапты көрмедім,

Қай мазаққа көнбедім...

Жұттан қашып, алыстан жұмыс іздеген әкесіне еріп, 1911 жылы қалаға келген бала пристаньда қара жұмысқа түседі. Содан қазақтың тұңғыш ағартушы- мұғалімі Құлжанов Нұрғали мен Нәзипаның үйінде атының басын ұстап, делбеші боп жүріп, орыс-қазақ училищесін 1915 жылы бітіріп шығады. Семейде оқып жүрген шағында Сапарғали кәдімгі атақты Абай келіп орыс әдебиетінің классиктері Толстой, Лермонтов, Пушкиндермен тұңғыш танысқан Гоголь атындағы кітапханадан кітап алып оқиды. Көбінесе Абай өлеңдері мен Тоқай өлеңдерін қайта-қайталай, ойлана, толғана оқиды. Сапарғали алғаш өлең жазғанда осы екі ақынға ден қойып еліктей жазады. 1914 жылы жас Сапарғалидың тырнақалды өлеңдері «Айқап» журналында басыла бастайды. Олардың мазмұнынан жалындаған отансүйгіштікі, туған елге деген ұшқындаған жастық сезімдерді байқауға болады. 1916 жылғы дүрбелеңде окоп қазуға зорлық-зомбылықпен жіберілген жігіттердің қалың легінде Сапарғали да кете барады. Мұстафа Шоқай басшылығымен Думадан арнайы шешім алдырып азаматтарды аурудан, өлімнен құтқарып, 1917 жылы  елге оралады.  Бұл тұста жас ақын бірталай өлеңдер жазады. Кейінгі жылдары сотта, газетте, ғылыми қызметте, Жазушылар одағында кеңесші болып істейді.  Өмір сырын терең танып, өз ғұмырында мол тәжірибе жинақтаған қаламгер барлық көрген-білген, көкейге түйген қазынасын балаларға арнаған. Өміртаным сабақтары бәрінен де кішкентай оқырманға аса қажет екендігін қаламгер түйсігі жазбай таниды. Өзі де осы салада талмай еңбек етеді.

Оның аңшылық, саятшылық тәрізді өнер түрлерін танытатын «Көксегеннің көргендері», «Сәтжан», «Бала мерген», «Бала Шоқан» сияқты әңгіме, повестері, «Будан», «Жылқышы», «Баян жүрек» сияқты өміртанымдық поэмалары – оқырман көкейінен шыққан сүйікті шығармалар. Адамгершілік, Отаншылдық тәрбие беретін «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Жеткіншектер», «Киіксор», «Ойламаған жүріс», «Сымбатты Сима», мінез-құлық, әдеп мәселелерін көтеретін «Ұрыншақ», «Жершіл шымшық», «Бес батыр» қатарлы көптеген шығармалары – жас өскіннің рухани қалыптасуына елеулі үлес қосып келе жатқан бағалы дүниелер. Қаламгердің көптеген шығармалары шет тіліне аударылған, ал прозасының негізгі арқауы –қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты, ірі мінезді жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қадам аттаған жасөспірім, жеткіншектер-ауыл балалары. Жазушы өзінің балалар жазушысы болып қалыптасуы туралы былай деп еске алады:  

– Шығармашылық балалық шақ әсерлерінен басталады. Әжеңнен, анаңнан, санаңда ән болып сіңетін бесік жыры, елдің эпос айтушыларынан естіген аңыз, ертегілерін, батырлық ғаламат жырлар бала қиялыңды қозғап, қилы-қилы ойларға жетелері хақ. Біз әдебиетке фольклордан келдік. Халық-ауыз әдебиетінен үйрендік. Олар–ертегілер, қиял байлығы-тапқырлық, жауыздықтың жазасы болған халық қаһармандары жайлы аңыз. Адамшылықтың қиыннан қиысқан әр алуан сипатталатын тапқыр ойшылдықтың түрлері кейде жыр болып, кейде тақпақ болып айтылар еді. Балалар жазушысы болып қалыптасуымдағы мектептерім де, осылар»,-дейді жазушы өз естелігінде.  

Қырқыншы жылдардың аяғына таман С.Бегалин әдебиетке біржола оралған сәтінде, оның ойында балалар әдебиеті тұрған болатын. Жазушы балалардың ауыр тағдырын екі рет көрді. Бірі –азамат соғысы жылдары, келесісі-Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тұспа-тұс келген еді.

- Бұл ауыр жылдардағы қабырғасы қатпаған балалар тағдырдың талай тауқыметін бастан кешті. Ата-анадан жетім қалды. Балалар ерте есейді. Бұл қиындықты көрген адамның балаға жаны қалай ашымас? Олардың тағдыры жайлы қалай жазбас? Мен екі ғасыр, екі дәуірді көзбен көрдім. Көпті көріп, білу, ауыр бейнеттің дәмін тату қалай дегенде де, әлдебір талаптарға талпындырады, жұмылдырады. Мені балалар әдебиетіне әкелген де осы жайлар болса керек,- дейді жазушы.

Балалар әдебиетінің қиын талабы мен абыройлы тәрбиелік сипатын ойлағанда, жазушының өзіне тоқ санайтын шығармасы – Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған «Көксегеннің көргендері».  Жазушы жасынан табиғатты сүйіп өсті. Оның қиялындағы қызық өлкенің бірі – Алтай. Жазушы Алтайдағы «Рахман қайнарлары» санаторийінде демалып жатқан шағында бау-бақшаны баптап күтетін қарттың Көксеген деген баласымен танысады. Ол саяткер бала болып шығады. Аюдың паң жүрісі, қызық мінездері жайлы көрген-білгендерін жыр ғып айтып береді. Осы әңгіме желісі бойынша «Көксегеннің көргендері» деген атпен жаңа повесть өмірге келеді. Туындының міндеті – табиғат, жан-жануарлар тіршілігінің сырларын ашу, бала бойына сіңіру. Шығармада  «Жаратылыс ғажап, бір аңның қасиеті мүйізінде, мысалы, бұғының мүйізіндегі қан сан ауруға дәрі. Мына күдірдің кіндігіндегі жұпар да сондай қымбат. Ал аюдың өті сан жараға ем. Міне ғажаптар» деп табиғаттың сан қырлы құпиясын ашып, өзі білетін аңдардың сырларын ашумен болатын Көксегеннің табиғатқа, жан-жауарға деген ерекше ықыласы жақсы суреттелген. Жазушы сомдаған маралшы бала – өзінің туып өскен даласының еркесі. Сол даланы қалай сүйсе, оның сырын да сондай жақсы біледі. Сапарғали Бегалиннің мұндай шығармалары бүгінде де мән-мазмұнынын жоғалпайтын туындылар қатарына жатады. Көксеген сияқты туындыларындағы балалар образы арқылы жазушы жас ұрпақ бойына ел сүю, жер сүюдің жақсы сезімдерін егеді, оларды халық дәстүрін үйренуге, оны сыйлауға үйретеді.

Сапарғали Бегалин өз өмір жолында өзі білген жақсы мінезін, сырын, ақылын, даналығын бойына жинай беріпті, өзін де өзгені де байытар рухани мол күш жинапты. Міне, шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармашылығы да сондай қызық.  Сапарғали Бегалин 1983 жылы дүниеден өтті.  Қазақ балалар әдебиетіне сіңірген ересен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен және бірнеше медальдармен мараппатталған. Бүгінде жазушының есімі қала көшелеріне, мектептер мен балалар кітапханаларына берілген.