БАЛАБАҚШАДАҒЫ ОТАНСҮЙГІШТІК САБАҒЫ: «МЕНІҢ ШЕЖІРЕМ – ЕЛ ШЕЖІРЕСІНІҢ БІР БӨЛШЕГІ»

Үстіміздегі жылдың 11 қазанында № 56 «Береке» балабақшасының тәрбиеленушілеріне Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Менің шежірем – ел шежіресінің бір бөлшегі» жылжымалы музейлік сабағын өткізді. Шара «Музей және балалар» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

«Әліпби жолсілтемесі» жүйесімен таныса келе, балалар «отбасы», «тек», «шежіре» түсініктерімен және «Р» әрпімен таныстықтарын шыңдай түсті. Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Саягүл Жақыпова Мемлекет басшысының шежіре ағашын мысалға келтіріп, Қарасай батырдың ерлігі туралы тарихи деректерді Елбасының шежіресімен байланыстыра әңгімеледі.

С. Жақыпова сабақты қорытындылай келе:

– Баланың ерте жасынан отансүйгіштікке, дәстүрді және отбасы құндылықтарын сақтауға тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет. Дәл осы мектепке дейінгі жаста ата-баба алдындағы және ұрпақ сабақтастығына деген жауапкершілік сезімінің негізі қаланады.

Топ ішінде ойын тапсырмаларын орындай отырып, балалар отбасы мүшелеріне деген құрмет пен сүйіспеншілік жайлы әңгімеледі, сондай-ақ шежіре ағашын құру тәртібімен танысты.

Шараға қатысушылар баланың риясыз көңіліндей өткен бүгінгі сабаққа алғыстарын білдірді.

Мерей, 6 жаста:

– Шежіре туралы сабақ маған өте ұнады. Көңілді сергіту жаттығулары да, Сіз де маған өте ұнадыңыз.

Сәлима, 6 жаста:

– Маған тапсырмаларды орындау ұнады. Мен бәрін оп-оңай орындадым. Отбасы жайлы әңгімеге белсенді қатыстым.

Милана, 6,5 жаста:

– Маған есімдерімізді қағазға жазып, шежіре ағашына жапсырғанымыз ұнады.

Балабақша қызметкерлері педагогтің бүгінгі дайындығын атап өтіп, сабақты жоғары бағалады.

«Саягүл Құрбанқызы өте мейірімді, әр баланың ұшқыр ойларын ұйып тыңдады. Кейде балалардың көңілінен шықпай жататын сәттер болады. Бүгінгі сабақта балалардың барлығы дерлік көңілді отырды. Педагогтің өзін-өзі ұстауы балалардың тұлғааралық қатынасына ықпал еткені сөзсіз», – деген пікір білдірді балабақша әдіскері Венера Мұстафаева.

«Сабақтың сәтті өтуі алдын ала жүргізілген дайындықтың жоғары болғанын білдіреді, көрнекі материалдар сабақтың мақсатына сәйкес ұйымдастырылған. Сабақ барысында балалар жоғары танымдық белсенділікті танытты», – деді тәрбиеші Айғаным Бақытбек.

Өткізілген музей сабағынан естелік ретінде кішкентай бүлдіршіндерге Елбасы кітапханасының атынан сыйлық тарту етілді.