Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің уақытша cенімді өкілі Аммар Омар Әл-Брейки Елбасы кітапханасына келді.
Сапар барысында мәртебелі мейман Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюының негізгі кезеңдерін, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың айтулы үдерістегі рөлін бейнелейтін кітапхана мұражайының экспозицияларымен танысты. Дипломат музейдің экспозициялық кеңістігін құруда пайдаланылған мультимедиалық технологиялардың заманауилығы мен интерактивтілігін атап өтіп, өткізілген экскурсия саяхаты үшін алғысын білдірді.
Кездесу соңында Аммар Омар Әл-Брейки мырза Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен жолықты. Әңгімелесу барысында қос тарап Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністік пен достық сипатта дамып келе жатқандығын тілге тиек етті.
Б.Темірболат мекемеге арнайы келген дипломатқа алғысын білдірсе, өз кезегінде БАӘ Елшілігінің сенімді өкілі Елбасы кітапханасының ұжымына зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.


