Бүгін Елбасы кітапханасына Ауғаныстан Ислам Республикасы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Азизулла Омар бастаған делегация «Кәміл Моллашевтің өнер әлемі» көрмесін тамашалауға келді.
– Елбасы кітапханасындай іргелі мекеменің қонағы болу біз үшін әрі қуаныш, әрі абырой. Шақырудың арқасында дарынды суретші, білікті маман Кәміл Моллашевтің шығармашылығымен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Қазақстан, Татарстан, Ресей, ҚХР елдерінде кескіндеме бағытына еңбегі сіңген қайраткердің туындылары адамға тереңдігімен әсер етеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде олардың сақталып тұруы бұл ақиқатты дәйектеуі тиіс. Осы тұста Елбасы кітапханасының өнерге деген зор құрметі мен саладағы биік талғамын атап өткім келеді. Мекеменің бұл қасиетін ескеріп, біз келер айға отандық суретшіміз Масуд Мохаммад Фарьядидің көрмесін Елбасы кітапханасымен бірге ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Азизулла Омар.
«Кәміл Моллашевтің өнер әлемі» көрмесінде суретшінің 1974-2017 жылдар аралығында жарық көрген 30-ға жуық жұмысы ұсынылған. Экскурсия барысында Азизулла Омар мен Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат туындылардың жанр, стиль тұрғысынан сан алуандығын тілге тиек етіп, шебердің дарынына жоғары баға берді.
Естеріңізге салсақ, аталмыш көрме 2021 жылдың 27 ақпанына дейін жалғасады.

